Елбасы Оңтүстік өңірде сапарда болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сапар барысында жұртшылық өкілдерімен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан - қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке екенін атап өтті.

«Бұл - абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Ясауи мен әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады, - деді Президент. Сонымен қатар әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында екенін, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері - біздің мақтанышымыз екенін айтты.

- Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев елде үштілділікті толыққанды енгізудің өзектілігіне тағы да тоқталып, әліпбиді ауыстыруға қатысты күмәнді сейілтті. Өз сөзінде: «Ағылшын тілін оқытуды жандандыру қажет, ол іскерлік ортаның барлық саласында қолданылатын болады. Бұл - заман талабы, тек бізге байланысты емес» деді. Әрі қарай облыстың дамуындағы бірқатар мәселелерге тоқталды.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті облыстың дамуындағы бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды. Инвестиция тарту бағытында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы қайталанбас әрі бүлінбеген табиғи және ірі мәдени-тарихи құндылықтары бар орасан зор туристік әлеуетке ие екенін тілге тиек етіп, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым түзу керектігін тапсырды. Халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуды жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін де атап өтті. Бұдан бөлек Елбасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

Оңтүстік Қазақстан жұртшылығы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ой-пікірлерін толық қолдайтындықтарын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірге деген қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ кездесу аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және оны дамыту бағыттары туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға зор табыс және береке-бірлік тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Бұл екі ел басшысының осы көктемдегі екінші рет кездесуі. Соңғы кездесу барысында Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевтың биылғы наурыз айындағы жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген қазақ-өзбек уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Н.Назарбаев өткен кездесуден бері екі ел арасындағы іскерлік белсенділік артқанын атап өтті: «Биылғы бірінші тоқсанда экономиканың түрлі саласындағы іскерлік өзара қарым-қатынастың деңгейі артты. Осы орайда, көлік-логистика саласын, автоөнеркәсіпті, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты атап өтуге болады. 2017 жылғы алғашқы үш айда тауар айналымы 37%-ға өсті» деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ш.Мирзиеев екі жақты кездесулер оң нәтижелер бергенін, көршілес жатқан екі елдің арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дами бастағанына назар аударып: «Биылғы наурыз айындағы сапардан соң біз бірлескен жұмыстардың барлық бағыты бойынша жол картасын қабылдадық. Министрлер, өңірлер басшылары деңгейіндегі кездесулер жиіледі» деді. Бұдан бөлек, Өзбекстан президенті Ресей Федерациясынан мұнай тасымалдау мәселесіне байланысты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа алғыс айтты.

Екіжақты кездесу аясында Қазақстан және Өзбекстан президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.

Кездесу соңында екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық белсенді жүріп, келешекте де тереңдеп, дами беретініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар
telegram