Елбасы: Отан қорғаушының басты міндеті - туған жердің тыныштығын, тәуелсіздігімізді қорғау
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отан қорғаушының басты міндеті - туған жердің тыныштығын, тәуелсіздігімізді қорғау. Бүгін Астанадағы «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруде ҚР Президенті - ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Отан қорғаушылар, өздеріңнің қасиетті борыштарыңызды адалдықпен атқарыңыздар. Сіздердің басты міндеттеріңіз - туған жердің тыныштығын қорғау, біздің тәуелсіздігімізді қорғауда мығым тұру», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қарулы күштеріміз әр уақытта да барлық қазақстандық ұрпақ үшін әділдіктің, жауапкершіліктің, отаншылдықтың үлгісіне айналуы тиіс. Ал бүгінгі шеру - Қазақстан армиясының қуатын, жоғары жауынгерлік рухын паш етудің тамаша мүмкіншілігі.
«Офицерлер мен сарбаздар, батыр бабаларымыздың ерлік жолын тек бейбіт заманның қаһармандары жалғастырсын. Халқымыз бірлікте, даңқымыз биікте болсын. Қазақстан жасасын!», - деп аяқтады сөзін ҚР Президенті.