Елбасы Парламенттің заң шығару жұмысының сапасын одан әрі артыру жөнінде тілектестігін білдірді - О. Мұхамеджанов
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысын ашу барысында Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
О. Мұхамеджановтың айтуынша, кеше Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының, «Нұр Отан» ХДП фракциясының бір топ мүшелерімен кездесіп, онда депутаттар еліміздің барлық аймақтарында өткен кездесулерінен алған әсерлері жөнінде жан-жақты баяндаған.
«Жалпы осы іс-сапар барысында халық қалаулылары республикамыздың 350 елді мекенінде болып, 800-ге тарта кездесулер өткізді. Партияның филиалдарында мыңнан астам азаматтарды қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында халқымыздың басым көпшілігі Президенттің кезекті Жолдауында көтерілген күрделі мәселелерді толығымен қолдайтындықтарын айтып, алдағы жылдарға белгіленген экономикалық-әлеуметтік, саяси салаларды дамытуды көздейтін биік межелерге жететінімізге кәміл сенетіндігі туралы сөз еткен. Сонымен бірге, сапарлар барысында қоғамда шешімін таппай келе жатқан бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде де байыпты әңгіме болды. Осыған орай, Елбасы барлық депутаттарға аймақтарға шығып, ел арасында Жолдау баптарын насихаттап қана қоймай, оны орындау жолдарын да атап көрсеткені үшін өз алғысын айтты. Сондай-ақ Президент заң шығару жұмысының сапасын одан әрі арттыру жөнінде өзінің тілектестігін білдірді», деді Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов.