Елбасы соғыс жылдарындағы нәубеттер қайталанбас үшін бар күшін салуда - И.Тасмағамбетов
Бұл туралы бүгін Елбасының тапсырмасы бойынша ҰОС-ның елордалық ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс ету салтанатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Мемлекет басшысының Семей ядролық полигонын жабу және сол кезде Қазақстан аумағында орналасқан 1100 ядролық оқтұмсықты жою туралы алғашқы Жарлығы, тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде бейбіт орнату үшін - Қазақстанның қосқан зор үлесі болды. Қазақстанның тәуелсіз жас мемлекет ретінде қарусыздану үрдісіне қосқан қомақты үлесі Америкада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте де атап өтілді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап Елбасы сондай-ақ, ұлтаралық татулық пен конфессияралық төзімділік туралы айтып келеді. Мұның бәрі достық пен келісімде өмір сүру үшін жасалуда», - деді ол.
И.Тасмағамбетов Қазақстан аз ғана жылдар ішінде қарқынды дамып, жылдан-жылға жоғары экономикалық көрсеткіштер көрсетіп отырғанын, экономикалық қиын-қыстау кезеңде ел астанасын ауыстыру оңайға соқпағанымен ол дұрыс шешім болғанын атап өтті.
«Менің ойымша, Астананы ауыстыру кезінде Елбасы өзінің артында сенімді халқы бар екенін, оны қайратты ұрпақ қолдап отырғанын білді. Оны бұл шешімде қолдағандардың бірі ардагерлер болды. Елдегі бейбітшілік пен оның экономикалық өрркендеуіне ардагерлердің қосып отырған үлесі ұшан-теңіз деп білемін. Қазіргі ұрпақ сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз бен наградаларыңызға таңданып қана қоймай, өздері де Отандары үшін соған ұқсас «ерлік» жасауға тырысуда. Ең қуаныштысы, олар өз идеяларын бейбіт өмірде жүзеге асыра алады», - деді ол ардагерлерге қаратып айтқан сөзінде.