Елбасы тапсырмалары халықтың ішкі үніне үн қосты -Досхан Жолжақсынов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмалары халықтың ішкі үніне үн қосты. Мұндай пікірді кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсынов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез келген мемлекет дамуының басты шарты - ең алдымен халқының әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, бақуатты өмір сүруі. Сол шарт бізде де бар. Бүгінде халқымыздың саны өсіп, өкінішке орай әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы аналар, баспанаға зәру жастар артып отырғаны шындық. Президентіміз мұндай кемшіліктерді жою үшін Үкіметтің алдына қадау-қадау тапсырмалар жүктеген еді. Алайда бұл міндеттер 100 пайыз орындалмағаннан соң, істелмеген шаралардың «құйрығы қылтиып» жатқаннан кейін Елбасы Үкіметті босатты. Ал таяуда өткен Нұр «Отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, көпбалалы отбасылардың жағдайын көтеру, баспана, жастар мәселесін көтерді. Жалпы, халықтың тыныс-тіршілігін білдіретін негізгі мәселелердің барлығын қамтылды», - деді ол.
Көпбалалы отбасыда дүниеге келген Досхан Жолжақсынов Елбасының көпбалалы аналарға жіті назар аударып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тапсырмаларына ризашылық танытты.
«Шешем жарықтық әкем екеуі 2 ұл, 8 қыз өсірді. Бірақ, ол Кеңес заманы еді. Соның өзінде көнбіс халықтың жағдайы аса жақсы бола қойған жоқ. Бейбітшіліктің арқасында, әсірсе, ауылда «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып өмір сүрді. Ал қазір заман өзгеріп келе жатыр. Заман өзгерген сайын халықтың санасы да көтеріліп келеді. Халық салауатты өмір сүрумен қатар кез келген пенденің басындағы бүкіл проблемадан ажырағысы келеді. Жақсы өмір сүргісі, жақсы тамақ ішкісі, жақсы ұрпақ өсіргісі келеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде съезде халық күтіп отырған мәселелер лайықты деңгейде көтерілді. Елбасы тапсырмалары халықтың ішкі үніне үн қосты. Көпбалалы аналарға жан-жақты көмек көрсету мәселесі басты шартқа айналды. Міне осы дүниелерге келгенде мемлекетіміз жаңа бір өркениеттікке өрлеп келеді», - деді танымал театр және кино актері.
Сонымен қатар ол ұстаздардың, дәрігерлер, спорт және өнер адамдарының жалақысы көтерілетіндігі де қуанарлық жаңалық екендігін баса айтты.
«Мемлекет назарына ұстаздардың, медицина қызметкерлерінің жалақысы ілігіп, оның өсетіндігі өте қуантарлық жайт. Айлығы шайлығына жетпейтін өнер, спорт адамдарының да жалақысының артатындығы елдің еңсесін көтерді. Елбасымызды «жарғақ құлағы жастыққа тимей» ойланып жүрген мәселе халқының әлеуметтік жағдайы еді. Енді міне ол алдағы уақытта өзінің оң шешімін табатын болды», -деді Қазақстанның халық әртісі.
Досхан Қанайұлы сұхбат барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың 21 қарашасында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына да пікірін білдіріп өтті.
«Қазақта бала тәрбиесі еш уақытта күн тәртібінен түспеген дүние. Дегенмен, бүгін заманның озуына, технологиялық жаңалықтарға байланысты келесі буын одан ажырап бара жатқандай. Сондықтан бұл мақала дер кезінде жарияланды. Өйткені, тарихын білмеген бала бойына ұлтына, жеріне, өткен тарихына деген ұлы сүйіспеншілікті сіңірмейді. Ал ондай жастарды ұлтына жанашыр, отансүйгіш болады деп айтудың өзі қиын. Демек, аталған мақаладан туындайтын міндеттерді тарихшыларымыз, зиялы қауым өкілдері діттеген жеріне жеткізіп іске асыратын болса, онда үлкен шаруа болғалы тұр», - деді кино актері.
Осы орайда Мемлекеттік сыйлықтың иегері тағдырымызға тарту болған Тәуелсіздік қадірін жастарымыздың санасында мәңгі сіңуі тиіс екендігін атап өтті.
«Тәуелсіздіктің толайым табыстары біздің уысымызға бірден түсе қалмағаны рас. Ол ең алдымен Елбасының өлшеусіз ірі қимылдарының, екінші халқымыздың жарасымды татулығының арқасында келді. Тұңғыш Президентіміздің тұғыры берік, тұрпаты бөлек саясатының арқасында дамыған мемлекет құра алдық. Тәуелсіздік мен үшін мәңгілік махаббат сияқты. Өйткені, адамның жүрегі қартайғанына қарамай, үнемі ғашық болады. Тәуелсіздік те дәл солай. Ал енді сол тәуелсіздікке шынайы ғашықпыз ба? Біз осы жағын айырып алуымыз керек. Өйткені онсыз ештеңе болмайды. Мұны таразыға салып өлшеуге келмейді. Бүгінгі болып жатқан құбылыстардың барлығын шынайы бостандықтың өлшемімен өлшеуіміз керек. «Анау болмады, мынау болмады» деген қаңқу сөз, теріс ұғым болмауы тиіс. Тәуелсіздік бізге мүмкіндік ретінде беріліп отыр. Сол мүмкіндікті біз қалай пайдаланып отырмыз? Оны күшейтуге қаншалықты күш салып жатырмыз? Осыны назардан тыс қалдырмауымыз қажет», - деді Досхан Қалиұлы.
Қазақстанның халық әртісі Жастар жылына қатысты да пікірімен бөлісті.
«Черчилль: «Жастардың келешіне қаржы салу, нәрестенің ауызына ана сүтін тосқанмен бірдей», деген екен. Бұл қағидалы сөз. Осыдан айырылмауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде бұқара халықпен, оның ішінде жастармен тығыз жұмыс істейтін облыстардағы, аудандардағы, ауылдардағы әкім-қаралар оларға үлкен адамгершілік, ағалық қамқорлық, үлкен мейірбандық танытса екен», - деп түйіндеді сөзін Досхан Жолжақсынов.
Фото: voxpopuli.kz