Елбасы тапсырмасы: Ақмола облысында тарифтер төмендеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтерге тариф төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылдың 7 қарашасында тарифті қалыптастыру мәселесіне арналған өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық қызмет ақыларына қатысты бірқатар нақтылы тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, облысымызда тарифті қалыптастыруды бақылау бойынша облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің 2018 жылдың 23 қарашасындағы өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталмыш жұмыс тобы мен облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтер ақысы төмендетіліп отыр», - деді Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Әсет Құрашев.
Департаменттің дерегі бойынша, Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы «Көкшетау жылу» коммуналық кәсіпорнында қосымша құн салығын есептегенде 36 пайызға төмендетілген уақытша мөлшерлі өтемақы тарифі бекітілді. Яғни, 1 шаршы метр үшін төлемақы 130 теңгенің орнына 82,21 теңгені құрайды. Ал, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны ауыз суы мен сарқынды суға тарифті 5 пайызға төмендетті. Осылайша баға 1 текше метр су үшін 147,75 теңгеден 140,32 теңге төмендеді.
Сонымен қатар, жалпы көлемі 1,5 миллиард теңге болатын өтемақы тарифтері өзге табиғи монополия субъектілеріне де енгізіліп отыр. «Көкшетау энерго орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электр қуатының ақысын 3,1 пайызға кемітті. Яғни, тұрғындар үшін электр қуатының 1 кВт-ның құны 16,11 теңгеден 15,11 теңгеге дейін төмендеді. Сондай-ақ, «АРЭК-Энергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметін алатын тұтынушыларға тариф 7,8 пайызға арзандап, 1 кВт құны 17,37 теңгеден 16,02 теңгеге арзандады.
Степногорск қаласында тарифті төмендету жылу энергиясы және су шаруашылығы жүйесінде жүзеге асырылуда. Мәселен, қала тұрғындары үшін электр қуатына тариф 10 пайызға төмендеп, 1 кВт құны 11,96 теңгені құрады. Бұрын қала бойынша 1 кВт бағасы 13,44 теңге болған еді. Бұған қоса, «Степногорск - су арнасы» коммуналдық шаруашылығы ауызсу ақысын 6,2 пайыз, қалдық суды ағызу ақысын 7,85 пайыз және қалдық суды тазарту ақысын 7,95 пайызға төмендетті. Степногорск Энергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұтынушылары қызмет ақысын 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 6,42 пайызға төмендетілген бағамен төлейтін болады.
«Жалпы, департамент қысқа уақыттың ішінде облыс бойынша коммуналдық қызметтер тарифін 2,5 миллиард теңгеге төмендете алды. Бір айта кетерлігі тарифтерді төмендету қызмет сапасы мен инвестициялық міндеттемелерінің көлеміне әсер етпеуі тиіс», - деп атап өтті Әсет Құрашев.