Елбасы тапсырмасы: Алматы облысының компаниялары жалақыны 50% дейін көтерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесуі барысында өңірлік бизнесмендер Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, бірқатар компания басшылары қызметкерлерінің базалық жалақысын көтеру туралы шешім қабылдағандарын жеткізді. Олардың қатарында «Алматы бояулары» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, Жаркент крахмал-сірне зауыты бар.
«Алматы бояулары» ЖШС Директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова осы жылдың қараша айында қызметкерлерінің еңбекақысын көтеретінін айтты. Оның кәсіпорыны 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жол белгілері мен жол жөндеу жұмыстарына арналған бояу өнімдерін шығарады.
«Компанияның дамуында мемлекеттік қолдау елеулі рөл атқарды. Біз «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі болдық - зауытты жаңғырту үшін несие алып, жаңа жабдықтар сатып алдық және жұмыс орындарын аштық. Қазір бізде шамамен 160 қызметкер бар», - деді Р. Салықова.
Ол компания басшылығының қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге және адами капиталды дамытуды инвестициялауға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Біз үнемі қызметкерлеріміздің жалақысын көтеруге тырысамыз. Әзірге барлығының жалақысын 50 пайызға дейін көтердік. Біз әлі де жалақыны көтеру керек деп шештік, өйткені халықтың әл-ауқаты деңгейін көтеру керек. Біз жалақыны тағы 15% көтеру туралы шешім қабылдадық. Кәсіподақтар мен барлық белсенді қауымдастық аудандарды аралап, әкімдермен, кәсіпкерлермен кездесіп, осы мәселені талқылауы қажет деп есептейміз. Әрине, мемлекеттің де көмегі бар, мысалы, салықтық амнистия бизнеске қолдау көрсетеді. Қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын көтеруіміз керек. Бұл міндет, менің ойымша, барлық кәсіпорындар басшыларының алдында тұруы тиіс», - деді Римма Салықова.
Сонымен бірге ол кәсіпорынның қазіргі ең төменгі жалақысы 76 мың теңгені құрайтынын атап өтті. Қарашада тағы 15%-ға өседі және бұл қаражат компания бюджетіне енгізілген.
«Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасанов Өз кезегінде Президенттің ең төменгі жалақыны көтеру туралы шешіміне қолдау білдірді.
«Жолдауда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қосымша қаржыландыру арқылы 2025 жылға дейін ұзарту аймақтағы бизнес-қауымдастықтың ерекше ынта-ықыласын оятты. Отандық бизнесті дамытуға жыл сайын 30 млрд теңге инвестициялау мультипликативтік әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді», - деді Зиятхан Гасанов.
З. Гасановтың кәсіпорындағы ең төменгі жалақы - 120 мың теңге, ал орташа жалақы - 353 мың теңге. Сонымен бірге компания Президенттің Жолдауына қолдау білдіру ретінде жалақыны одан әрі ұлғайту туралы шешім қабылдады.
«Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Зәкіржан Кузиев те аймақтағы кәсіпкерлік қауымдастық атынан сөз сөйледі. Оның айтуынша, компания ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға маманданған және өнімнің 63% Орталық Азия, Қытай және Ресей елдеріне экспортталады.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында бірінші кезекте халықтың табысын арттыру міндеті тұр. Облыс әкімдігі жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осыған орай, біздің компания 1 желтоқсаннан бастап жалақыны арттырады. Қазір бізде 1200 адам жұмыс істейді, олар негізінен ауылдық жерлерде тұрады. Орташа жалақымыз 114 мың теңгені құрайды, ал ең азы - 68 мың теңге. Жалпы кәсіпорында компанияның пайдасы есебінен жалақы 1,5% өседі және бұл 311 қызметкерді қамтиды. Осылайша, биыл 1 желтоқсаннан бастап, орташа жалақы 127 мың теңгеге дейін, ал ең төменгі жалақы - 80 мың теңгеге дейін артады», - деді З.Кузиев.
Сөз соңында Зәкіржан Кузиев Мемлекет басшысының бастамасын басқа да кәсіпкерлердің толық қолдайтындығына және өз қызметкерлерінің жалақысын мүмкіндігінше көтеретініне сенім білдірді.
