Елбасы тапсырмасы: Қостанайда электр энергиясы құны 2,4 пайызға арзандайды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында электр қуатының тарифі арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы тапсырмасы: Қостанайда электр энергиясы құны 2,4 пайызға арзандайды

Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысында тариф саясатына қатысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Сала мамандары тұрғындармен кездесуде жұмыс нәтижелерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатының құны азайып, ағымдағы жылдың ақпанынан тағы 2,4 пайызға арзандайтын болады. Жыл басындағы көрсеткішке сүйенсек, облыста 200 мыңнан астам тұрғын электр энергиясын тұтынады, ал заңды тұлғалардың саны - 9 000. Электр құрылғыларымен жабдықтау қызметінің әлеуметтік маңызы жоғары және ол мемлекеттің қадағалауында. Электр энергиясының тарифтері уәкілетті органмен келісілгеннен кейін нақтыланады. Облыс бойынша баға тексерілді, соның нәтижесінде тариф төмендетілді», - деді Қостанай энергетикалық орталығының директоры Анаргүл Өскенбаева.

Жыл басынан бері электр энергиясынің тарифі қайта есептеліп, тұрғындарға 30 млн теңге қайтарылды.

2019 жылы жалпы түсім нәтижесінде коммуналдық төлемдерге қатысты тұтынушылар үшін қаржылық жүктеме 712 млн теңгеге азаяды.

Айта кететін бір мәселе, заманауи талаптарға сай келмейтін электр желілері жұмысты жеделдетуге кедергі. Энерготранзит аймақаралық серіктестігінің бас директоры Владимир Канның сөзінше, тозығы жеткен нысандар жетерлік.

«Олардың дені өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Негізі электр желілерінің жұмыс істеу мерзімі 50 жыл болса, қосалқы электр стансаларын 25 жыл қолдануға болады. Нәтижесінде, тозған электр сымдары көптеген шығынға батырады. Тиісінше айыппұлды да көбірек төлеуге мәжбүрміз», - дейді серіктестік басшысы.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және табиғи монополия қызметтерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын.