Елбасы тапсырмасы: Павлодарда шаштараз бен сатушының да жалақысы өспек
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жалақыны тек ірі кәсіпорындарда ғана емес, базар, шаштараз және шағын дүкендерде де өсіру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жалақыны өсіру туралы тапсырмасы бойынша жүргізіліп отырған жұмысты талқылады. Өңірдің барлық ірі кәсіпорындары Президенттің бастамасын қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге дайын.
«1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау жүйесінде жалақысы төмен бір жұмыскердің орташа айлық табысы 58 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өсіріледі. Сондай-ақ, білім, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өсіріледі», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев.
Облыс әкімі Болат Бақауов жекеменшік сектор қызметкерлерінің де тыс қалмауын талап етті. Оның айтуынша, тіпті шағын дүкендерді де бақылауға алу керек.
«Базар, шаштараз, шағын дүкендерде қанша техникалық жұмыскер, сыпырушы, күзетші жұмыс істейтінін және олардың жалақысы қандай екенін анықтап алу керек. Қазіргі кезде алдымызда жекеменшік сектордағы барлық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіру мақсаты тұр. Менің тапсырмам бойынша, әрбір орынбасарым, қала мен аудан әкімдері бұл мәселені жетекшілік етіп отырған барлық салалар, ведомстволық бағынышты кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілерінде қарастыру керек», - деп мәлім етті өңір басшысы.
Бұдан басқа, облыс әкімі бағалар жағдайына назар аудартты. Ол жалақы көтерілгеннен кейін азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасы қымбаттамауы тиіс екенін атап өтті.
«Облыстық кәсіпкерлер палатасы қазірден бастап бизнесмендер, ірі және шағын сауда желілерінің басшыларымен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өңірде жалақы өсірілген соң, баға көтерілмеуін қадағалауымыз керек», - деді ол.
Болат Бақауов қала және аудан әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар дың және көмір бағаларын мұқият қадағалауды тапсырды. Бұл жұмысқа «Нұр Отан» партиясының филиалдары да қосылып, бағаларды реттеу бойынша мониторинг жүргізу топтарын құрады.