«Елбасы тапсырмасының орындалуы - Үкімет қызметінің негізі» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 22-і, бейсенбіі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Елбасы тапсырмасының орындалуы - Үкімет қызметінің негізі» - республикалық басылымдарға шолу

***

Еліміздің батыс өңіріне жұмыс бабымен сапарлаған Үкімет басшысының екінші күні де аса қауырт болғанымен ең бастысы, өте жемісті болды. Премьер-Министр Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы бірқатар нысандармен, Ақтау теңіз портының кеңейтілген жобасымен танысты. Ал облыс орталығында өткізген бірқатар кеңестерінің қорытындысында нақты шаралар қабылданды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Елбасы тапсырмасының орындалуы - Үкімет қызметінің негізі» деген тақырыппен берілген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеумет­тік-экономикалық дамуды интен­сивтендіру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тап­сырмаларының орындалуы Кәрім Мәсімов кабинеті қызметінің негізі екенін ескерсек, атқаруға тиісті істер де, шешілуі қажет мәселелер де аз емес екендігі анық», деп жазады басылым.

Кеше Женева қаласында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысқан Парламент төрағаларының бүкіләлемдік үшінші конференциясы аяқталды. Бұл турасында «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жариялап отыр. Басылымның жазуынша, алқалы жиынға қатысушылар көпбелдеулі әлемдегі күрделі әрі терең өзгерістерді, мемлекеттердің экономикалық күш-қуатына қатысты және халықаралық экономикалық ынтымақтастық жолында орын алып отырған түбегейлі бетбұрыстар аясындағы экономиканың жаһандану үрдісін, сонымен қатар, жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың экономикалық өсіп-өркендеуге тигізіп отырған кері әсерлерін ескере отырып, әлемдік қауымдастық елдерін аталған мәселелерді көпжақты өзара іс-қимылдары, ең алдымен, барлық мемлекеттерге дербес теңдікті кепілдентіретін БҰҰ арқылы бірігіп шешуге шақырған.

Шілденің 20-сында Қазақстан ғылымы ауыр қазаға душар болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, көрнекті заңгер-ғалым Ғайрат Сапарғалиев 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірі арқылы ҚР Әділет, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚР Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ еліміздің танымал ғалымдары академикпен бақұлдасты.

***

Үкімет 2010 жылдың бюджетін түзер кезде де, 2010-2020 индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жасар шақта да еліміздің қаржылық әлеуеті онша жақсы жағдайда емес еді. Өйткені бүкіләлемдік қаржы дағдарысы салдарынан дүниежүзілік қор биржаларында біздің елдің кірісінің негізі саналатын - экспорттық шикізаттар бағасы мейлінше төмендеп кеткен болатын. Алайда соңғы кездері нарықтағы бұл шикізаттардың бағасының көтерілуі байқалып отыр. «Айқын» газетінің назарынан тыс қалмаған бұл жайт бүгінгі нөмірде «Профицитті бүгін «үлестірсек» «2020» байи түседі» деген тақырып аясында жан-жақты баяндалған. Басылымның атап өтуінше, дүниежүзілік сарапшылар мұнайдың барелі жыл аяғына дейін 90, ал астықтың тоннасы 300 долларға жетуі ықтимал деген жорамалын да алға тартады. Ал металдың бағасы қазірдің өзінде 2007 жылдың тамызына дейінгі мөлшеріне жетіп тұр. «Қысқасы, Қазақстанның экспорттық әлеуеті саналатын барлық өнімдеріміздің әлемдік қор биржаларындағы бағасы біз бюджет бекітерде қарастырған мөлшерден әлдеқайда жоғары болатыны айдан анық. Сондықтан да 2010 жылдың мемлекеттік бюджетінде профицит болары сөзсіз», деп жазады басылым.

«Шетел мультфилмдері бала психикасын бұзады». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде жарық көрген мақалада шетелдік пен кеңестік, сондай-ақ отандық мултфильмдерді салыстыра отырып, шетелдік туындылардың бала психологиясына кері әсер ететін бірқатар нақты себептерін, олардағы кемшіліктерді, қателіктерді жіпке тізіп шыққан. «Шректегі» құсты троль әйел өлең айтып жарып жіберетін, оның үш жұмыртқасын қуырып жейтін немесе құрбақа мен жыланды шар қылып үрлеп ұшырып жіберетін эпизодты бәріміз білеміз. Сонда бала санасын қоршаған орта мен табиғатты аялау керек деген ой қайдан пайда болсын?!», деп жазады басылым.

«Астана күні тойында өткен мерекелік концерттерден түскен 10 млн. теңге қаржы қаладағы мүгедек балаларды сауықтыруға жұмсалады. Осыған орай кеше елорданың бес бүлдіршіні еліміздің және шетелдің іргелі клиникаларында емделуге қажетті қаржыны алу үшін арнайы сертификатқа ие болды», деп жазады «Астана Ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, қазіргі уақытта қалада 13200 мүгедек адам тіркелсе, оның 1500-і бүлдіршіндер екен.

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, елорданың айналасына отырғызылған орманды алқапта көп ұзамай хайуанаттар әлемі дамып, туристік аймаққа айналмақ. Қала балансына берілген жасыл белдеудің жалпы аумағы 16584 гектар. Оның 9 миллионнан астам ағаш, ал 2 миллионға жуығы жыңғыл. Бүгінде жасанды тоғайда қоян, түлкі, қарсақ сынды аңдар бар. Күні кеше осы алқапқа 20 қырғауыл жіберілді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың Қазақстандағы Словак Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Душан Подгорскимен кездесуі барысында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу қажеттілігі мәселесі басты тақырыпқа айналған. Ә.Құсайынов атап өткендей, Қазақстанда словакиялық компанияларда жұмыс тәжірибесі бар. Нақтырақ айтқанда, компания ірі көлік айналымы жобасын енгізген «Астана - Бурабай» бірінші автобанының құрылысын атауға болады. Қазіргі уақытта бұл ынтымақтастықты басқа да салаларда кеңейте түсуге болады. Еліміз жол құрылысы, кадрларды оқыту, даярлау және біліктілігін арттыру, Қазақстанның көлік-логистикалық желісін қалыптастыру, ұшқыштарды, азаматтық авиация инженерлерін, сонымен қатар су көлігі мамандарын оқыту барысында Словакияға қызығушылық танытады.