16:23, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасы тарапынан мемлекеттік тілді дамыту үшін қажетті қадамдардың барлығы жасалып отыр - З. Алшымбев
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы тарапынан мемлекеттік тілді дамыту үшін қажетті қадамдардың барлығы жасалып отыр. Тек өзіміздің елжандылығымыз, ынтамыз кемшін. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік тіл мәселесін көтерген депутат Зейнолла Алшымбев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының өзі бас болып қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар, оның бастамалары, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөздері біздің лауазымды азаматтарымыздың құлағына әлі де жетпей жатқан сыңайлы. «Нұр Отан» партиясының үш тұғырлы тіл тұғырнамасын қазір бұрмалап, қате түсіндіріп жүргендер де бар. Мемлекет басшысы «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі ? Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан да бұған көңіл де сол дәрежеде, қаржы да тиісті деңгейде бөлінеді. Қазақ тілі - өзіміздің ана тіліміз», деп атап айтты да. Яғни, Елбасы ағылшын, орыс тілдерін үйрен дегенде оны қазақ тілінің есебінен үйрен деп отырған жоқ, қазіргі жаһандану заманындағы қажеттілік негізінде ғана айтып отыр. Шындығында, Президент тарапынан мемлекеттік тілдің дамуы үшін қажетті қадамдардың бәрі жасалды. Ал осы күнге дейін тілдің бағын байлап, аяғын матап келген мәселе ? заңнамамыздағы солқылдақ нормалар, ең бастысы, өзіміздің елжандылығымыздың, ынтамыздың кемшін соғып жатқандығынан екендігін мойындауымыз керек», - деді депутат. Сонымен бірге З. Алшымбаев, тіл жағдайына қоғам тарапынан орынды алаңдаушылықтың бар екендігін айта келе, Үкіметтің бұл мәселеде салиқалы шешімдер қабылдауы қажеттігін атап өтті.
«Ахмет Байтұрсынұлы «Өзі өлетін халықтың бірінші сөзі өледі», деді. Қазақ тілі бойымызға анамыздың сүтімен енген әрі ұлан-байтақ жерді, бай тілімізді ұрпаққа сақтап жеткізген бабалардың ұлы мұрасы. Оны бүгінгідей мүшкіл халге жеткізгеніміз ата-баба рухын, аруағын таптағанымызбен бірдей емес пе?!»,- деді депутат.