Елбасы Тәжікстан, Жапония, Чехия, Вьетнам, Хорватиямен арадағы қарым-қатынасқа тоқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапон компанияларының Қазақстан нарығына кіруіне мүдделік танытамыз. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз Тәжікстанмен дәстүрлі ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытуға зор мән береміз. Бұл ретте Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға өткен жылғы ресми сапарын айрықша атап өткім келеді. Астана мен Душанбе арасында ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы серіктестікті қарқынды нығайтудамыз. Осы ретте Тәжікстанға Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығына табыс тілей отырып, аталған бағытта бірге жұмыс істеуге дайынбыз",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Жапониямен жан-жақты диалогты дамыту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

"Былтыр Брюссельде өткен АСЕМ саммитінде Премьер-Министр Синдзо Абэмен жүздесіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Біз жапондық компаниялардың Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз, барынша жағдай жасауға дайынбыз. Оған екі елдің арасында тікелей әуе рейстерін ашу зор септігін тигізеді", - деді Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев Чехия Президенті Милош Земанның елордада өткен "ЭКСПО-2017" көрмесіне келуі екіжақты байланыстардың дамуына серпінін тигізгендігін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары Хорватия Республикасымен байланыстар айтарлықтай нығая түскендігін айтты.

"Бүгінгі таңда Вьетнам Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі. Мен Вьетнамда болып, ел басшыларымен кездестім, келіссөздер өтті. Сіздің еліңіздің Премьер-Министрі де Қазақстанға бірнеше мәрте келді. Мені Вьетнамға сапармен келуге шақырған болатын, есімде", - деді Елбасы.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Социалистік Республикасының Елшісі Нгуен Тхи Хонг Оаньнан, Хорватия Республикасының Елшісі Рефик Шабановичтен, Жапония Елшісі Тацухико Касаидан, Чех Республикасының Елшісі Рудольф Гиклден, Тәжікстан Республикасының Елшісі Хайрулло Ибодзодалан сенім грамотасын қабылдады.

Соңғы жаңалықтар