Елбасы: Туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбын жандандыру қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриотизм тақырыбын жандандыру қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы: Туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбын жандандыру қажет

Кездесу барысында Қазақстан Президенті өзінің таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір бағыты мен басымдықтарына тоқталды.

Сондай-ақ кездесуде тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі шығармашылық жобалардың маңызды мәселелері талқыланды.

Мәселен, Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруге септігін тигізген «Мәдени мұра» бағдарламасы, сондай-ақ әлемнің жетекші архивтерінен еліміздің тарихына қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақтап, талдау жүргізуге мүмкіндік берген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы әңгімеге арқау болды.