Елбасы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Елбасы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентіне ілтипат білдіріп, халықтарымызды тарихи әрі бауырластық қатынастар байланыстырып келе жатқанын айтты.

- Сіздің Қазақстанға сапарыңыздан кейін біздің сауда қатынастарымыздың жанданғаны байқалады. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін әлеуетіміз әлі де жеткілікті, - деді Қазақстан Президенті.

Гурбангулы Бердімұхамедов саммитке қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, оның ұйымдастырылуы мен өткізілуін жоғары бағалады.

- Бұл күн ғасырлар бойы қалыптасқан өзара қарым-қатынасымызға тың серпін беріп отыр. Қазіргі кезеңде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін барлық мүмкіндік бар, - деді Түрікменстан Президенті.

Кездесу соңында тараптар осы айдың соңында Түрікменстанда өтетін Арал теңізі проблемаларына арналған отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.