Елбасы түріктердің Ресей ұшағын атып түсіруін түбегейлі қолдаған жоқ - Онжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев түрік қарулы күштерінің Ресей ұшағын атып түсіруін түбегейлі қолдаған жоқ. Бұл жайында «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Бітімгер миссиясы» деректі фильмінде ҚР Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы түріктердің Ресей ұшағын атып түсіруін түбегейлі қолдаған жоқ - Онжанов

«Ұшақ құлағаннан кейін 4 күн өткен соң Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған біздің Президентімізбен байланысқа шықты. Бірден айта кетейін, әңгімелесу өтер күрделі жағдайда болды. Оның себебі Нұрсұлтан Назарбаев түрік әскери күштерінің әрекетін түбегейлі қолдаған жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан Президенті кез келген жанжалды бейбіт жолмен реттеу қажеттігін жақтайтындығын баса айтты.

«Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Түркия арасындағы ұзақ жылдарға созылған достық қарым-қатынасты атап өтті әрі әріптесіне жағдайды бейбіт жолмен реттеуге мүмкіншілік бар екендігін айтты. Әңгімелесу соңында Ердоған Ресей президентімен келіссөз жүргізуге келісімін берді», - деді Нұрлан Онжанов.

Айта кетейік, деректі фильмде Түркияның шекара аумағына кіріп кеткен Ресейдің СУ-24 ұшағының атып түсірілуінен кейін екі елдің арасындағы ахуалдың шиеленісуі және оны шешудегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жан-жақты талқыланған. Келтірілген деректерге қарағанда, осы оқиғадан кейін екі елдің арасындағы жағдай ушығып, Ресей Түркияға қарсы экономикалық санкциялар қолданып, визасыз режимді алып тастаған.