Елбасы: Түркі кеңесінің БҰҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жанынан байқаушы мәртебесін алғаны маңызды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі кеңесінің БҰҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жанынан байқаушы мәртебесін алғаны маңызды. Бүгін Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының бесінші саммитінің отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Әлемдегі геосаяси өзгерістер түркі дүниесіне де ықпал етпей қоймайды. Біз Сирия, Ливия мен Иракта бейбітшілік пен тұрақтылық орнағанын, Палестина мен Израиль арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Ауғанстандағы жағдайдың да бейбіт жолмен өрбуін құптаймыз. Біз бір өңірдің елдеріміз. Сондықтан да, террористік, экстремистік әрекеттерді болдырмау үшін бірлескен іс-шаралар қажет», - деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы Түркі кеңесінің болашақта БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы жанынан байқаушы мәртебесін алғаны маңызды екенін ерекше атап өтті. «Бұл біздің ұйымға мүше-мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай келеді деп ойлаймын»,- деді ҚР Президенті.