Елбасы ҮЕҰ-ларға беруге болатын мемқызметтерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҮЕҰ-лардың дауысы естілуі үшін азаматтық бақылаудың тиімді тетігін әзірлеу маңызды. Олардан басты ала қашпай, тыңдай білу қажет. Аталған дауыс шоғырландырылуы керек. Бұл жерде негізгі рөлге Қазақстанның азаматтық альянсы ие болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне де баса назар аудартты.
«Бір қарағанда тосын дүниедей көрінеді. Мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру қалай болмақ? Мемлекет өз ісі үшін халық алдында есеп береді, ал ҮЕҰ-лар кімнің алдында жауап береді? Дегенмен, бұл бағытта мәселен, экология, әлеуметтік жұмыстар, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асыруға болар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы таяудағы а Жолдауында азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын тексеретін арнайы комитет құруға тапсырма бергенін еске салды. Елімізде бұл мәселелермен айналысатын Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті жұмыс істейтіндігін, дегенмен, бұл саланы ресмилендіру қажеттігін атап өтті.
«Форум қатысушылары ынтымақтастықтың мұндай форматына дайын екендіктерін жеткізді. Үкіметке, сәйкесінше министрліктерге бұл жайында ойлануды ұсынамын. Үйлестіруші Қоғамдық даму министрлігі болады. Бұл мәселеге қатысты осы жерде айтылған барлық ұсыныстарды тыңғылықты зерделеп, іс жүзінде жүзеге асыруға кірісу қажет», - деді ҚР Президенті.