Елбасы Үкімет пен мемлекеттік органдардың басшыларына тікелей желіде қамтылмаған халық сауалдарына жауап беруді тапсырды
А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке және барлық мемлекеттік органдардың басшыларына тікелей желі бойынша келіп түскен халықтың сауалдарына толық жауап беріп, оларды еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетіп, жариялауды тапсырды.
Президент бұл тапсырманы бүгін тікелей желіде қазақстандықтардың сауалына жауап беріп болғаннан кейін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Мен Үкіметке, барлық министрліктер мен ведомстволарға, барлық облыстардың, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне келіп түскен сауалдарды түгелдей қамтып, оларға жауап беруді тапсырамын», деді Н. Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздегі басты ұлттық телеарналарға және басқа да телеарналарға жылдың соңына дейін экрандарында министрлермен, олардың орынбасарларымен, әкімдермен қойылған сауалдарға қатысты эфирлер ұйымдастыруды ұсынды. «Олар да мен сияқты қалған сұрақтарға жауап берсін», деді Президент. Н. Назарбаев сондай-ақ еліміздің негізгі басылымдары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне және басқа да газеттерге бұл мәселені мұқият қадағалап, сұрақтардың жауабын жариялауды ұсынды. «Осылайша біз барлық мәселелерді қамтып, оларға жауап беруге тырысамыз», деді Елбасы.