12:10, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Елбасы Үкіметке әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысы Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты шараларды қамтамасыз етуді тапсырды.
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Қазақстан әйелдерінің Ү форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі дағдарыс жағдайында әсіресе қыз-келіншектер белсенділігін арттыру аса қажет. Бұл бағытта ең бастысы олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан да мен Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға еңбек нарығындағы әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты шараларды қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, бұл бағытта қайта даярлауға қатысты ауқымды шаралар қолға алынып, әйелдерді экономиканың перспективалық саласына қатысты мамандықтар бойынша оқыту қажет. «Үкімет сондай-ақ Қазақстанда қашықтықтан еңбек ету, яғни әйелдер үшін өз үйінде отырып еңбек ете алатын жағдайларға мүмкіндіктерді қарастыруы тиіс. Жалпы бұндай тәжірибе әлемде жеткілікті. Оны зерделеп, Қазақстанға да енгізу қажет», деді Н. Назарбаев.