Елбасы Үкіметке Қазақстанның технологиялық дамуын басқару жөніндегі жүйені құруды ойластыруды тапсырды
Бұл тапсырманы Президент бүгін Ақордада ғылым мәселелеріне арналған кеңесте берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, мұнда қазақстандық әзірленімдерді ілгерілету үшін салалық министрліктерге құқықтар мен өкілеттіктер беретін, мұндай технологияларды пайдалану бойынша жеке компанияларға міндеттемелер жүктейтін заңнамалық база болуы тиіс.
«Министрліктер мен ұлттық компаниялардың салаларында инженерлік сараптама жүргізу және енгізілетін дүниелерді бақылау үшін ғылыми-техникалық бөлімшелер жұмыс істеулері тиіс. Ғылыми-инженерлік әлеуетті қарқындатуды қажет ететін жекелеген салаларда отандық ғылыми- зерттеу институттарының және шетелдік серіктестердің кооперациялары болуы тиіс», деді Елбасы.
Осы орайда Президент Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде осы жұмысты үйлестіруге жауапты тұлғаны тағайындауға, сондай-ақ халықаралық тәжірибелерді зерттеуге, тағы қандай заңнамалық нормаларды қабылдау қажеттігін ойластыруға уақыт берді. «Желтоқсанның 1-іне дейін менің қарауыма нақты іс-қимыл жоспары ұсынылатын болсын», деді Елбасы.