Елбасы Үкіметке «Назарбаев Университеті» түлектерін жұмысқа орналастыру туралы нақты схема жасауды тапсырды
АНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада «Назарбаев Университеті» студенттері мен оқытушы қауымының алдында дәріс оқыған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке аталған оқу орнын бітірушілерін жұмысқа орналастыру туралы нақты схема жасауды тапсырды.
«Біздің экономикамызға индустриялдық кезеңдегі формация бойынша университет кадрлары аса қажет. Жүздеген жаңа кәсіпорындарда жұмыс атқаратын мамандар керек. Уақыт шапшаң сырғуда. Сондықтан да, Үкімет бүгінгі күннен бастап жаңа университеттің бітірушілерін жұмысқа орналастырудың нақты схемасы туралы мәселені шешуі қажет. Алдын ала, ерте бастан бизнеспен араласып, университеттің әрбір түлегі дер кезінде жұмысқа орналасуын, жақсы табыс табуын қарастырған ләзім. Бірде бір университет бітірушісі назардан тыс қалмасын. Бұл мәселені Президент Әкімшілігінің аппараты ұдайы бақылауда ұстайтын болады», - деді Н. Назарбаев.