Елбасы үндеуі зор жауапкершілік жүктейді - ректор Баймырзаев

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Президенттің мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі Үндеуі елдің саяси экономикалық дамуындағы жауапкершілікті арттырады деп ойлаймын.

Елбасы үндеуі зор жауапкершілік жүктейді - ректор Баймырзаев

 Себебі, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген кезде елдегі барлық жағдайды сараптай келе Президенттік билік жолын таңдады. Мемлекет басшысының үндеуіне қатысты  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, Елбасы алдымен экономика, содан кейін саясат деген принципті ұстанды. Уақыт оның дұрыстығын дәлелдеді. Содан бергі 25 жыл ішінде елдің экономикасы көтеріліп, тұрақталды. Қазақстан әлемдік қауымдастықта танылып, дамыған 50 елдің қатарына енді. Ендігі кезекте саяси реформаны алдыға оздыру қажеттілігі туындап отыр. Осыны дер кезінде, саналы түрде байқаған Президент Үндеу жолдады. Өркениетті елді басқарудың тиімді жолы демократиялық басқару деген ұстаныммен заң шығарушы орган - парламентке, атқарушы орган - үкіметке, қадағалаушы орган - сотқа басқару өкілеттілігін бөліп бермек. Алдағы уақытта Парламент атқарушы биліктен елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал хақында жауапкершілік сұрауға, әр жылғы республикалық бюджеттің, тағы басқа да әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бағдарламалардың орындалуы жайында Үкіметке және тиісті министрліктерге парламенттік талап қоя алады. Тиісінше үкіметтің де құзырлығы артып, халықпен тығыз байланыс орната алады. Жалпы, билік тармақтарына өкілеттік беру үлкен жауапкершілік арту деген сөз. Үкімет пен атқарушы органдар, Парламент және осыған қатысы бар саяси партиялар аталған өкілеттікке ие болса, алдымен халықтың, болашақ ұрпақтың және мемлекеттің алдында өздеріне зор жауапкершілік жүктелгенін сезінеді.