Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға әйелдер қауымы белсене қатысуы тиіс - Г.Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы ұсынған бес институттық реформаны, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру жұмыстарына республикамыздың әйелдер қауымы белсене қатысуы тиіс.
Бұл туралы бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің І конгресінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Таяуда ғана Қазақстан халқы тәуелсіздік тарихында тағы бір айтулы белеске жетті. Еліміз ұзақ жылдарға созылған келіссөздерден кейін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы мәртебелі ұйымға кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты халыққа жасаған үндеуінде бұл нәтижеге жету үшін еліміз 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргізгенін, келіссөздерде ұлттық мүддемізді қорғай білгенімізді атап көрсеткенін білесіздер. Әрине, бұл өміріндегі өте жауапты кезең», - деді ол.
Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі.
«Сондықтан «Атамекеннің» ДСҰ аясында отандық кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға, қабілетін шыңдауға жаңаша серпін беретіндігі сөзсіз. Бұл орайда, Елбасы ұсынған бес институттық реформаны, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру жұмыстарына республикамыздың әйелдер қауымы белсене атсалысады деген сенімдемін. Сол себепті, ел Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия әйелдерді еліміздің қоғамдық, саяси-экономикалық өмірінің барлық салаларына барынша тартуды алдыға мақсат етіп қояды», - деді Г.Әбдіқалықова.