Елбасы ұсынысы және елдегі саяси ахуал Парламент жағдайына еш әсер етпейді - И. Елекеев
АНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы ұсынысы және елдегі саяси ахуал Парламент жағдайына еш әсер етпейді.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі кезектен тыс отырысында «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алған болатын. Осы мәселеге қатысты журналистерге берген сұхбатында депутат Ирак Елекеев осылай мәлім етті.
«Өз басым кеше дәл осындай шешім қабылданады деп күтпеп едім. Өйткені, 5 млн.-нан астам сайлаушылардың қолы бар еді. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы тағы бір мәрте ұлылық көрсетіп, оны басқаға үлгі етіп отыр. Өзін қолдаушылардың сеніміне үнсіздік танытқан жоқ. Бұдан бөлек, Елбасы болашақта өзінің деңгейіндегі лауазымдылар үшін Конституцияға өзгерістер енгізе беруге жол берілмеуі тиістігін танытты. Осы тұрғыдан алғанда бұл нағыз қолдауға тұрарлық шешім. Яғни, бұдан алдағы уақытта заңдық негізбен ғана жүру қажеттігін кейінгі ұрпаққа Елбасы үлгі етіп отыр. Өз пайдасы үшін Конституцияға өзгерістер енгізбеу керектігін кейінгіге өнеге етіп отыр», - деді И. Елекеев. Сонымен қатар, депутат Президент ұсынысының және елдегі саяси ахуалдың Парламент жағдайына еш әсер етпейтініне де сенімділік танытты.