Елбасы Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Баспасөз қызметі хабарлайды.

Елбасы Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шереметьево әуежайында жолаушылар ұшағының өртенуі салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Ресей халқына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», - делінген жеделхатта.

Ресейдің Шереметьево әуежайында болған ұшақ апаты жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Өртенген Sukhoi Superjet 100 ұшағының бортында болған 78 адамның 37-сі ғана аман қалды. ҚР СІМ зардап шеккен және құрбан болғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда Ресейде өндірілген «SSJ-100» маркалы бір ғана бизнес ұшақ пайдаланылады.

«Бұл ұшақ жекеменшік компанияға тіркелген. Ал тұрақты бағдарларда бізде осы типтегі әуе кемесі пайдаланылып жүрген жоқ», - деді министр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Асқар Мамин апатқа байланысты көңіл айтты.