«Елбасы жайлы фильм жалғасады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Алда келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «Егемен Қазақстан» газетіне «Ислам - адамзаттың асыл тәжі» деген тақырыппен сұхбат берген. Әңгіме барысында барлық сауалдарға тұщымды жауап берген Бас мүфти: «Ағымдар жайлы айтқанда, оның шығу төркіні мен тарихына тоқталған дұрыс. Осы мәселені жіті зерттеген ғалымдардың пікірінше, ХVІІІ ғасырда Нежд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб негізін қаланған діни-саяси ағым оның атымен «уаһһабилік» деп аталған. Уаһһабилік идеология өкілдері өздерін «салафиміз» деп атағандықтан осы атпен таныла бастайды. «Салаф» сөзі Қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездескенімен, ол «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан салафи мұсылмандардың алдыңғы үш толқынына берілген атау. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер). Заманымызда өздерін «салафи» санаушылар Исламның әуелгі үш ғасырындағы өмір сүргендерге теңеуде. Бұрынғы салафилер шынайы ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргілер олай емес», - дейді.
«Биыл Қазақстанның ірі өнеркәсіп орындарының қатарындағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытайға 1 млн. аккумулятор батареясын жөнелтуді жоспарласа, өткен сейсенбі күні Талдықорғанда орналасқан зауыттағы 18 мың дана өнімнің алғашқы топтамасы жүк вагондарына тиеліп, сапарға шықты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Қайнардың» аккумуляторы Қытайға жөнелтілді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Қытай рыногына шығу «Қайнар АКБ» кәсіпорнының экспорт көлемін жылына 700 мыңнан 2 млн. дана аккумуляторға, ал өндірістік қуатын жылына 1 млн.-нан 3 млн. батареяға дейін арттыруға мүмкіндік берсе, жұмысшылар саны мың жарым адамға көбейеді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеевпен арадағы сұхбат «ҚР Қарулы Күштерін құру мен дамытуды толық саралау - тарихшылар еншісінде» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Ең маңыздысы - жаңа егемен мемлекеттің жас армиясы өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасының дана басшылығының арқасында барлық қиыншылықтарды еңсере білді. Оның ішінде офицерлік құрамның жаппай кетуін, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерімен жарақтаудың болмауын, инфрақұрылым объектілерінің бұзылуын, әскери қызмет мәртебесінің ең төменгі деңгейге дейін құлдырауын, жасақтаудағы, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, әскерлерді жан-жақты қамтамасыз етудегі проблемаларды жеңіп шыға алды», - дейді ол.
«Жылда Наурыз мерекесінің қарсаңында спорттың әр түрінен Ұлыстың ұлы күніне арналған турнирлер көбейіп кетеді. Респубилкалық көлемдегі таэквондо, футбол додаларын айтпағанның өзінде ауыл-аймақтардың өздерінде де осындай турнирлер көптеп өткізіліп жатады. Әлбетте бұған қарсы шыққалы отырған жоқпыз. Дегенмен өздеріңіз ойлаңыздаршы, атам қазақ Ұлыстың ұлы күнін осындай спорт түрлерімен қарсы алған ба? Неге осы атаулы мейрамды пайдаланып, өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтап қалмасқа», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала «Ұлттық ойындарымызды ұлықтайық» деген тақырыппен берілген.
***
«Көпсериялы «Көшбасшы жолы» киноэпопеясын түсіру жұмыстары жалғасуда. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы «Бәйтерек» продюсерлік орталығымен бірлесіп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Теміртау мен Қарағанды қаласында Президент туралы фильм түсіруге кірісті», - деп жазады «Айқын» газеті «Елбасы жайлы фильм жалғасады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымға бұл жайында жобаның үйлестірушісі Рая Айдынғалиева мәлім еткен. Фильмнің бірінші бөлімі өткен жылы үлкен экранға жол тартқан болатын. Ал биыл қоюшы-режиссер Рүстем Әбдірашев осы фильмнің «Отты өзен» атты екінші бөлімі мен «Теміртау» деген атпен үшінші бөлімін түсіріп жатыр екен. Олар келесі жылы толықтай түсіріліп бітпек.
«Айқын» газетінің жазуынша, Қырғызстан Премьер-Министрі Өмірбек Бабанов сегіз жасар манасшы Сезим Дилдедосовты қабылдапты. Оған баланың жазған хаты себеп болған. Ол Премьер-Министрге өз отбасы, мектебі туралы сыр шертіп, әлемге әйгілі Манас жырын қазіргі ұрпаққа жеткізіп жүргенін мақтанышпен жазған.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы болып өтті. Отырыс барысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау мәселелері қаралды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев депутаттарды заманауи қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету, экономикалық және ақпараттық қауіпсіздікті қорғау, мемлекеттік шекараны күзету саласындағы басым міндеттер туралы ақпараттандырды.