Елбасы Жолдауы әлемдік БАҚ беттерінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы жарияланған күнінен әлемнің алуан түрлі ақпарат құралдарының назарына ілініп, оның түйінді тұстары кеңінен талқылауға түсіп жатыр. Әлем журналистері соның ішінде Жолдауда көтерілген мемлекет мүлкін жаппай жекешелендіру, теңгенің өзгермелі бағамы саясаты көбірек сөз етілуде. Біз бүгін сол материалдардың негізінде жасалған кезекті топтаманы оқырман назарына ұсынамыз, деп жазады egemen.kz.

Елбасы Жолдауы әлемдік БАҚ беттерінде

«Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дүй­сенбі күні сөйлеген сөзінде өз үкіметінің бү­кіл мем­лекеттік ұйымдарға ба­ғыт­талған жекеше­лен­дірудің жаңа бағдарламасын жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлады ҚХР-дың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі.

«Бұл қадам күллі әлемнің қаржы, көмір­сутегі, металл, азық-түлік секілді «барлық дерлік рыноктарында» орын алып жатқан тұрақсыздықтан шығып отыр», деді өзінің Жолдауында Назарбаев.

Назарбаев әлем рыноктарының ыдырау­ына байланысты пайда болған бірқатар сыртқы жағымсыз әрекеттердің ықпалына ұшыраған Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен өсіміне қолдау көрсету үшін қазіргі заманғы реформалардың кешенді құрылымын жүзеге асыруға шақырды.

Президент тұрақты экономикалық өсімге жетуді қамтамасыз ету үшін елде жаппай жекешелендіру жүргізуді және ішкі ресурстарды қатарға қосу мақсатында бәсекелестікті арттыруды ұсынды. Осы­лайша, ол құрамына жекешелендіруге жатпайтын нысандар санын қысқарту мен заңдарды қалыптастыруды енгізетін, мемлекеттік секторға бағытталған кең ау­қымды жекешелендіру бағдарламасын жасауды ұсынды.

Назарбаев сонымен бірге, жеке­ше­лендіру үдерісінің қазақстандық және шетелдік инвесторлардың барынша көптеп қатысуларына мүмкіндік беру үшін ашық жолмен және әділ нарықтық бағаға құрылған конкурс негізінде жүргізілулері керек екенін атап өтті», деп жазады қытайлық БАҚ.

«Қазақстан мұнай ба­ғасына сәйкес тең­генің өзгермелі бағамы саясатын ұстанатын болады, деп мәлімдеді Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні, деп хабарлады америкалық «CNBC» телеарнасы.

«Ұлттық валюта бағамын Ұлттық қордың қаржылары есебінен өне бойы қолдау практикасы енді болмайды», деді Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік мұнай қорын ишара ете отырып.

Бұрын теңгені резервтегі долларды сату есебінен қолдап келген Қазақстан Ұлттық банкі тамыз айында теңгенің 40 пайызға өсуіне жол бере отырып, бұл саясаттан бас тартты.

Назарбаев, сондай-ақ, Ұлттық банктің қарауындағы зейнетақы активінің 2016 жылы қазақстандық жеке тұлғалар мен шетел компанияларының басқаруларына берілетінін атап өтті. Бұл 2013 жылға дейін болып келген жүйеге қайта көшуді білдіреді.

Зейнетақы жиналымдарының табыс­тылығын көтеру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялау жайы қайта қаралуы керек. Енді Зейнетақы қорына да Ұлттық қор сияқты қарап, басқару керек.

Президент, сондай-ақ, елдің бюджеті тепе-теңдігін ұстап тұру үшін Зейнетақы қоры активтерін тек мемлекеттің ғана пайдалана алатын болуы тиіс екенін айтты. Ол үкіметтің «қызметтік мұқтаждықтары» үшін де, мемлекет пен жеке компанияларға кредит беру үшін де жаратылмауы тиіс. Назарбаев салық жинау тәртібін жөнге келтіру мақсатында үкіметке бұрыннан бар қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуді тапсырды. Бірақ, оның проценттік өлшемі қандай болатыны айтылған жоқ», делінген америкалық БАҚ-та.

Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кешегі Жолдауын бүкіл мемлекеттік ұйымдардың басын қамтитын жекешелен­дірудің жаңа бағдарламасы жүретінін жариялау үшін пайдаланды, деп хабарлады eurasianbusinessbriefing.com агенттігі.

«Мемлекеттік сектордың құрамында жеті мыңнан астам кәсіпорын бар», деген Президент Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы активтері үшін жауап беретін «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» секілді холдингтердің тиімділігі төмен жұмыстарын сынға алды.

Президенттің айтуынша, жекеше­лендірудің жаңа бағдарламасы оның на­ры­қтық құны әділ болып, ашық және бәсе­келестік сипатында жүргізілгенде ғана табысты болмақ.

Бағдарлама қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатыса алулары үшін ашық өткізіледі.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған бағдарлама мұнайдың әлемдік бағасының күрт құлауына қайтарылған ішінара жауап болып табылады. Ол мұнай бағасының құлауынан бюджеттік құйылымы 20 пайызға жуық түсіп кеткен Қазақстан экономикасын қорғауға бағытталады.

«Қосымша құн салығы төлеу көлемі төрттен бірге, ал табыстың корпоративтік салығы 13 пайызға төмендеді. Салықты көтере түсу - қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы емес. Бұл тек бизнес­ке қосымша қысымды білдіреді», - деді Назарбаев.

Назарбаев Орталық Азияның мұнайға бай елдерінің активтері үкіметтің «қызметтік мұқтаждықтары» мен мемлекеттік немесе жеке компанияларға несие беру үшін емес, тек қана мемлекеттің меншігіне пайдаланылуы тиіс, деп мәлімдеді. Назарбаев салық тәртібін ретке келтіру мақсатында үкіметке қолда бар қосымша құн салығының орнына сату салығын енгізуді тапсырды. Ол «Самұрық-Қазына» сияқты мемлекеттік холдингтердің күрделі құрылымдарын жекешелендіруден кейін жинақы ұйымдар етіп шығаруға тапсырма берді. Бірақ, компаниялар аттарын нақтылап атап берген жоқ, деп жазады малайзиялық therakyatpost.com агенттігі.

Ал, «Finansial Times» басылымы «Бұдан бір ай бұ­рын Ұлттық банк төрағасын орнынан алып таста­ған Назарбаев өзінің дүйсенбі күнгі Қазақ­стан халқына Жолдауында мемлекет қаржысының бұдан былай ұлттық валютаға қолдау көрсету үшін жұмсалмайтынын айтып, Ұлттық банктің «институттық кемшіліктерін» сынға алды» деп жазды.