Елбасы Жолдауы айқын мақсат, анық бағдар беріп отыр
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының кезектен тыс басқосуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауына қатысты мәселе қозғалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы депутаттық топтың жетекшісі Қайрат Сәдуақасов: «Бұл басқосуымыздың маңызы зор. Елбасының Жолдауы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстаның жаңа мүмкіндіктері» деп аталған. Жолдау айқын мақсат, анық бағдар беріп отыр. Халықаралық сарапшылар «Бұл Жолдау Н.Назарбаевтың нық үш қадамының бірі»,- деп бағалады. Біздер ол кісінің алғашқы қадамынан бері жанында болып, қолдап келеміз. Енді халық қалаулылары аймақтарға шығып, елмен кездесіп, осы Жолдауды түсіндірмекпіз»,- деді.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы жетекшісінің сөзін депутат Валерий Вишниченко жалғастырып, биылғы Жолдаудың Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді бастаған жылдағы маңызына тоқталып, Елбасының Тәуелсіздіктен бері қарайғы он төртінші рет жасап отырған Жолдауы екенін айтып өтті.
Депутаттар Розақұл Халмұрадов, Людмила Хочиева, Олег Дымовтар өз сөздерінде барыс жылында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына он бес жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толатынын еске алып, алда тұрған халықпен жүздесулерде айтылатын мәселелерге тоқталды.