Елбасы Жолдауы тағы бір түлеп, тағы бір жаңғыру жолы - Қыстаубаев
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жолдау тақырыбының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзі тегін емес.
Яғни, бұл - тағы бір түлеп, тағы бір жаңғыру жолы. Сол арқылы Тәуелсіз Қазақстанның даңқын асырып, халқын шын мәніндегі Мәңгілік Елдің уайымсыз, қамсыз тұрғынына айналдырудың келесі бір сәтті қадамы деуге болады. Мұндай пікірді Алматы облысындағы Балқаш ауданының Құрметті азаматы, «Бірлік» агрофирмасының бас директоры Әбдіжаппар Қыстаубаев білдірді.
«Бүгінде республикамыздың экономикалық әлеуетінің барынша артып, халық тұрмысының күн санап жақсарып келе жатқаны баршаға аян. Осы ретте біз ел ертеңінің бұдан да нұрлы, бұдан да жарқын болатынын айрықша атап өткіміз келеді. Біз бұл ақиқатқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен танысу барысында көз жеткіздік.
Елбасы бұл Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруының тетігі - бес басымдық пен кешенді үш міндетті белгілеп берді. Соның ішінде, өз кәсібіме орай маған қатты әсер еткені - екінші басымдық деуге болады. Онда бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту көзделген. Көшбасшымыз мұны одан ары айқындай түсіп: «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі - елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті.
Елбасы екінші басымдық бойынша жасалуы тиіс қадамдарды да жіктеп, жіліктеп берді. Соның ішінде мына бір ақпарды ерекше атап өткім келеді. Жолдауда: «Бұдан былайғы жерде Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады» деп ашып көрсетілген. Мұның өзі Жолдау, сөзсіз ел мұратын көздеп, халық еңсесін тіктеу мақсатын ұстанып отыр деген сөз» екенін айтқан Әбдіжаппар Қыстаубаев жаңа саяси құжатты қолдап, насихаттауға, жүзеге асыруға атсалыспақ.