Елбасы Жолдауы жаңа бағыттарды айқындап берді - Қалмұхамет Дөңсебаев
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын маңызды құжат ел экономикасындағы жаңа бағыт-бағдарларды айқындап берді.
Енді оны нәтижелі жүзеге асыру негізгі міндет саналады. «Жетісу» авиакомпаниясы» АҚ президенті Қалмұхамет Дөңсебаев осындай пікірін білдірді.
«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ел экономикасын дамыту бағытындағы Қазақстанның бірінші, екінші жаңғыруы жолында жүзеге асырылған жұмыстар мен қол жеткізген тың табыстарымызды тізбектей келіп, табысты өткен осы жаңғырулар арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтап, үшінші жаңғыруды бастауға тиіс екенімізді атап өтті.
Осыған байланысты Президент: «Бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан -2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», - деді.
Жолдаудың алғашқы бағытында экономика салаларын жаппай сандық модельге көшіру көзделген. Осы ретте Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген атаумен жаңа бағдарлама әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, құрылыс секторы мен басқа да салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға баса мән берілді. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту - маңызды басымдықтардың бірі. Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке 2020 жылға дейін транзиттік әлеуетті арттыруды жүктеді. Мәселен, контейнерлік және әуе көлігімен жолаушылар тасымалын еселеу арқылы одан түсетін пайданы төрт миллиард долларға дейін жеткізу міндеттелді. Ел дамуына серпін беретін маңызды құжат болашаққа сенім ұялатып, тың бастамаларды жүзеге асыруға жетелейді», - деді Қалмұхамет Дөңсебаев.