Елбасы Жолдауын Еуразия ұлттық университетінің ұжымы онлайн тыңдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы онлайн түрде тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Елбасы Жолдауын Еуразия ұлттық университетінің ұжымы онлайн тыңдады

Бүгін ұлттық университеттің 500-ден астам оқытушысы, ғалымдары, қызметкерлері мен студенттері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті залына жиналды.

Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналған. 

Елбасының дәстүрлі Жолдауынан кейін ЕҰУ ғалымдары сөз алып, тарихи маңызды құжаттың басым бағыттары туралы айтып өтті.

«Өздеріңіздей білетіндей, Елбасы Жолдауы көбіне алдымен әлеуметтік мәселелерге арналады. Бұл жолғы Жолдаудың да басты ерекшелігі оның қалың көпшілікті толғандырып отырған өзекті мәселелерге арналғандығында. Ендігі кезекте әр сала және құзырлы органдар берілген нақты тапсырмаларды тиянақты атқарулары керек», - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Толысбаев.

Университет өкілдері профессор-оқытушы ретінде жоғары білім беру жүйесінің сапасына қойылатын талаптарға ерекше назар аударды.

Оқытушылардың айтуынша, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үрдісін ескере отырып, университеттің түлектерінің білім сапасын арттыру қажет.