Елбасы Жолдауын насихаттау тобы Алматының Жетісу ауданында болды
АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасының халыққа биылғы Жолдауын насихаттау, түсіндіру мақсатында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің экономика салаларын дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Жұматай Сәлімов пен ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев бүгін Алматыда бірқатар ұйымдардың өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдымен Жұматай Сәлімов «Асфальтбетон» ЖШС ұжымымен кездесті. Содан кейін «Дербес» ЖШС ұжымында болып, Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелер, олардың орындалуы туралы баяндады. Түстен кейін «Келет» АҚ-ында болды. Аталған үш кәсіпорын еліміздегі ең ірі өндіруші компаниялар болып табылады. Бұларда жалпы алғанда 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді. ҚР ЭДСМ өкілі кездесу барысында оларға Елбасы Жолдауының басымдылықтарын баяндап, сұрақтарына жауап берді.
Үгіт-насихат тобының екінші мүшесі ҚР СІМ жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев алдымен Жетісу ауданы әкімшілігінің аппараты ұжымымен, содан соң № 148 мектеп ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Р. Жошыбаев әлеуметтік саланы қолдау, зейнетақы мен бюджеттік мекемелер жалақысының көтерілуі туралы баяндады.