12:53, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Елбасы Жолдауын тиімді жүзеге асыру үшін әлеуметтік жаңғырудың орта және ұзақ мерзімдік бағдарламасын әзірлеу керек - Д. Назарбаева
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауын тиімді жүзеге асыру үшін әлеуметтік жаңғырудың орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік кешенді бағдарламасын әзірлеу керек.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.
«Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауында қоғамның әлеуметтік-экономикалық жаңғыру, қуатты әлеуметтік мемлекет құру бағдары айқындалды. Соған сәйкес, барлық мемлекеттік стратегиялық және салалық бағдарламалардың нысаналы мақсаты халықтың әл-ауқатын жақсарту, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын көтеретін стандарттарға қол жеткізу критерийлерімен айқындалуы тиіс болатын. Осыған орай, Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін әлеуметтік жаңғырудың орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік кешенді бағдарламасын, мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатының «Жол картасын» жасауды талап етеді», - дейді депутат Дариға Назарбаева.