Елбасы Жолдауын түсіндіру тобының мүшесі Алматыдағы №12-ші емханада болды
АЛМАТЫ. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Файзолла Бисмилдин ҚР Президентінің халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатымен Алматы қалалық №12-ші емханасының қызметкерлерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосуға емхана қызметкерлерімен бірге, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев қатысты. Кездесу барысында медицина саласындағы шешімін таппай жатқан күрделі мәселелер, оны шешу жолдарының Жолдауда қаншалықты қарастырылғандығы жөнінде талқылаулар болды. Сонымен қатар, Ф. Бисмилдин дәрігерлердің бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне байланысты сұрақтарына жауап берді.
«Елбасымыз өз Жолдауында денсаулық сақтау саласына жан-жақты тоқталған. Бүгінгі таңда еліміздің медицина саласында электронды жүйені енгізу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл мәселелер қазір Үкіметте талқыланып, 2014 жылы Заңға денсаулық сақтау саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін кіргізу мүмкіндіктері қарастырылуда», деді Ф. Бисмилдин.
Файзолла Бисмилдин келесі кездесулерін №17-ші емхана мен Бостандық ауданындағы «Алау» балалар санаториі қызметкерлерімен өткізеді.
ҚР Президентінің халыққа Жолдауын түсіндіру жұмыстары жыл сайын дәстүрлі түрде 2 рет күз және көктем айларында жүргізіліп келеді. Биыл ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған топ Алматы қаласы бойынша Жолдауды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.