Елбасы Жолдауын түсіндіруде ҚХА әлеуетін толықтай пайдалану қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйлері мен өңірлердегі «Қоғамдық келісім» кеңестері директорларына арналған Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Азат Жолдыбаев ҚР Президентінің Жолдауы мен билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі үндеуін халыққа түсіндіруде Достық үйлері мен кеңестеріне зор міндет жүктелетіндігін баса айтты.
«Мәселен, Алматыдағы Достық үйі базасында біз осы айдан бастап 5 наурызға дейін шамамен 18 республикалық шараны жоспарлап отырмыз. Бұл 18 шараның 14-і тікелей этно-мәдени бірлестіктермен жүргізіледі. Жұмыс форматы дөңгелек үстел, семинар, түрінде болады. 2 шара жастардың арасында өткізіледі. Бір шара ғылыми-сарапшылық топтардың қатысуымен әдістемелік бағытта жүрзіледі. Мұндай жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілуі тиіс»,- деді Жолдыбаев.
Бұл ретте мұндай шаралардың міндетті түрде республикалық ауқымда болуы қажет еместігін баса атап өтті.
«Олардың барлығы да маңызды. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамбелясының ресурстарын пайдалана отырып, Жолдаудың, Конституциялық реформаның мәнін әрбір адамға жеткізу қажет», - деді ол.
Кеңес барысында ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын және конституциялық реформаны түсіндіруді ұйымдастыру, «ЭКСПО-2017» көрмесі бойынша жұмыс жоспарын іске асыру және оған қатысуға дайындық барысы қаралды. Мұнан бөлек, Достық үйлерін дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына ұсыныстар талқыланды.