Елбасы Жолдауын жастар да қолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Өмір сапасы: жастар міндеті мен жауапкершілігі» атты республикалық жастар форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форум аясында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауының негізгі бағыттары мен 2019 жылы жарияланатын «Жастар жылы» бастамасына қатысты мәселелер талқылануда.
Форумның мақсатты - жастарды Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын және мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақыру.
«Жастық - ол өмірде қайталанбайтын керемет құбылыс. Жастық ол қас-қағым сәт, сондықтан оның мүмкіндігін өз уақытында пайдалана білу керек. Кешегі Жолдауды мен жастарға арналған дер едім. Елбасы Жолдау барысында біраз сын айтты, проблемаларды көтере отырып тығырықтан шығудың жолын көрсетті. Жалпы, Жолдауды жүзеге асыруда жастардың алатын орны ерекше, өйткені осы залда отырған студенттер санаулы жылдардан соң әр сала бойынша қызметке барады, демек болашақтың қамын бүгіннен бастауымыз керек», - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы.
Сонымен қатар шара барысында белсенді жастар Жолдауға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Келер жылға жоспарланып отырған Жастар жылында қандай шаралар атқарылады деген мәселелер бойынша да пікір таластырды.
Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған форум жұмысына Парламент мәжілісінің депутаттары, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары және Астанадағы ЖОО-ның студенттері қатысуда.
Аталған форумның қорытындысы бойынша Жастар жылын өткізу және 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарына ұсыныстар әзірленетін болады.