Елбасы Жолдауындағы 10 бағыттың әрқайсысының өзіндік орны бар - М.Әшімбаев
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елбасы Жолдауындағы 10 бағыттың әрқайсысының өзіндік орны бар.
Оның ішіндегі ең бастысы азаматтарды жұмыспен қамту деп білемін», - дейді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев. Бұл пікірін ол бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында айтты.
М.Әшімбаевтың ойынша, Жолдаудағы құқық қорғау органдарын аттестациялау шарасы көп шығынды қажет етпейді. «Дегенмен бұл - өте өзекті мәселе. Бүгінгі қоғам өкілдерінің арасында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктіліктері талапқа сай емес деген сыңайдағы пікірлер бар. Сондықтан Мемлекет басшысы да құқық қорғау органдарын нығайтудың алдында олардың қызметіне, құрамына талдау жасау қажет деп отыр. Әрине, құқық қорғау саласының қызметкерлерінің барлығы біліксіз деуге келмейді. Онда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген адал азаматтар да бар. Ал аттестациялау шарасы өз қызметіне салғырт қарайтын азаматтарды іріктеуге мүмкіндік береді», - деді депутат.