Елбасы Жолдауының республикалық ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрі А. Күрішбаев Ақмола облысына келді

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Бүгін «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Елбасы Жолдауының республикалық ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Жолдаудың мақсатын насихаттау әрі түсіндіру үшін Ақмола облысына келді,

Елбасы Жолдауының республикалық ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрі А. Күрішбаев Ақмола облысына келді
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министр сапар барысында Ақмола облысы, Астрахан ауданының активімен кездесіп, «Камышенка» ЖШС-де, май шығаратын «Ақнұр-А» ЖШС зауытында және ірі қараға арналған асыл тұқымды «Бастау» ЖШС-де болды. Сонымен бірге Атбасар ауданында көктемгі егін-егу жұмыстарына байланысты кеңес өткізді. Жиын барысында Министрдің атап өткеніндей, биылғы жылғы Елбасы Жолдауы алда тұрған міндеттерді шешумен бірге, жаһандық дағдарыстың кері әсерін жоюға бағытталған. Бұл бағытта Үкімет нақты жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, «Жол картасының» инвестициялық бағыттары бойынша қаржыландыру лимиттерінің жалпы көлемі 163 млрд.теңгеден астамды құрайды, оның ішінде Ақмола облысында 4,5 млрд. теңге, мұндағы 2,5 млрд. теңгеден астамы республикалық бюджеттен және 2 млрд. теңгеге жуық қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылған. Инвестициялық жобаларды іске асыруда республика бойынша 280 мыңнан астам және Ақмола облысында 6,5 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Қазақстанда жақын арада тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңартуға ерекше назар аударылатын болады, бұл алғаш рет еліміз дамуының басым бағыты болып саналуда. Министрдің айтуынша, еліміздегі Агроөнеркәсіп кешені алдында да маңызды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономиканың аграрлық саласын одан әрі дамыту қажет әрі осы дамудың арқасында еліміз үшін екі маңызды міндет шешіледі. Ол - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру. Осы міндеттерді шешу мақсатында ауыл шаруашылығы саласына ағымдағы жылғы республикалық бюджеттен 96,3 млрд. теңге бөлінді. Олардың ішінен 41,3 млрд. теңге өндірісті субсидиялау үлесіне жатады және бұл былтырғы деңгейден 4 пайыз артық. Бұдан басқа «ҚазАгро» холдингінің ивестициялық жобаларды іске асыруы үшін Ұлттық қордан 120 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдауға «Самұрық-Қазына» қорына бөлінген қаржының 30 пайызға жуығы (72 млрд. теңге) ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласына несие беру үшін бағытталмақ. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды күшейту шаралары шеңберінде заң жобасы әзірленді, қазіргі кезде ол Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында жатыр. Егін шаруашылығында саланы әртараптандыруға, оны ылғалқорсақтау технологияларын қолдана отырып кеңінен химияландыруға басты назар аударылып отыр. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жаңа технологияларға көшуге ынталандыруға бағытталған субсидиялау идеологиясы өзгертілді. Мал шаруашылығында басты басымдық орта және ірі тауарлы фермаларды құру жолымен өндірісті ірілендіру, кең ауқымды селекция бағдарламасын іске асыру есебінен төрт түліктің генетикалық әлеуетін арттыру болып табылады. Сондай-ақ «Ауыз су» салалық бағдарламасы бойынша жұмыс жалғастырылмақ, бағдарламаны іске асыруға 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Жиын соңында министр, ағымдағы жылда облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің алдында үлкен және жауапты міндеттер тұрғандығын атап өтті. «Олардың сәтті шешілуіне ішкі азық-түлік нарығының қанығу деңгейі ғана емес, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-ауқаты да байланысты болады», - деді ол.