«Елбасы жолы» киноэпопеясының 4-бөлiмi - «Тығырықтан жол тапқан» фильмi прокатқа шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртiншi бөлiмi - «Тығырықтан жол тапқан» фильмi прокатқа шығады.
Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1970-шi жылдардағы еңбек жолы, саясатқа ендi ғана қадам басқан сәтi суреттелетiн тартысқа толы фильмнiң режиссерi Рүстем Әбдiрашов.
Қазақстандықтар оны елдің 70-тен астам кинотеатрларында көре алады.
1 желтоқсанда «Тығырықтан жол тапқан» киноэпопеясының премьерасы Астана қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен көрсетілді.
Еске сала кетейiк, «Елбасы жолы» киноэпопеясы 2011 жылдан берi түсiрiлiп келе жатыр. Бұның алдында киноэпопеяға «Балалық шағымның аспаны» (2011), «Отты өзен» және «Темiр тау» (2013) фильмдерi енген болатын. Бұл жоба тек бiздiң елде ғана емес, әлемнiң 20-дан астам елдерiнде өткен Қазақстан мәдениетi мен киносы күндерiнде де үлкен қолдауға ие болды.
«Тығырықтан жол тапқан» фильмiн түсіру 2014 жылы ақпан айында басталды. Киноға қазақстандық актерлермен бiрге Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды ресейлiк актерлер ендi. Елбасының бейнесiн қазақстандық актер Нұрлан Әлiмжанов сомдады.
Кинолентаның бюджеті 2,5 млн. долларға жуық қаржыны құрады.