Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындауға бар күшімізді салдық - Сағынтаев жылды қорытындылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылды қорытындылап, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда белсенді жұмыс жүргізген әріптестерінің бәріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 1 қаңтардан бастап коммуналдық тарифтердің төмендейтініне байланысты баяндама жасады.
«ПИК, қоқыс шығару, лифт қызметтеріне тарифтерді төмендетуге қатысты тапсырмаңызды орындау үшін бүгінгі таңда осы қызметтер бойынша тарифтер барлық өңірлерде төмендетілді. Бағалар мынадай көрініс табады: ПИК қызметтеріне 2,2 пайыздан 20 пайызға дейін, қоқыс шығару қызметтеріне 1-24,7 пайызға дейін, лифт қызметтеріне 3-50 пайызға дейін (...) Сонымен қатар, министрлік «Қазтрансгаз» АҚ-пен бірлесіп, қосымша талдау негізінде Атырау және Қызылорда халқы үшін газға бөлшек сауда бағаларын төмендету бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Тапсырмаларыңыз орындалды», - деді Тимур Сүлейменов.
Министрдің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы «Яғни, барлық облыстарда тарифтер төмендеді ме?» деп сұрады.
«Барлық аймақта төмендеттік», - деді Ұлттық экономика министрі.
Бақытжан Сағынтаев осыдан кейін 1 қаңтардан бастап жауапты органдардың бәріне тарифтердің мәселесін бақылауға алуды сұрады.
«Осы бағытта жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз. Келесі жылы, Тимур Мұратұлы, Ұлттық банкпен бірге алдағы жылғы инфляцияның дәлізін қараған кезде табиғи монополиялардың субъектілерінің үлес салмағын анықтауымыз қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы сөз соңында бүгінгі Үкімет отырысы биылғы жылы соңғы болғандықтан, әріптестерінің барлығын келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Биылғы жылды табысты аяқтап, Елбасы жүктеген барлық тапсырмаларды абыроймен орындау үшін біз бар күш-жігерімізді салдық деп есептеймін. Елбасы өзінің БАҚ-қа берген сұхбатында жылды 4 пайыздық өсіммен аяқтау мүмкіндігіміз барын айтып өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша 4,1 пайыздық қорытындымен аяқтадық. Көптеген жұмыс атқарылды. Сондықтан, Үкімет мүшелеріне, әкімдерге, холдингтер мен компания басшыларына, қоғамдық ұйым басшылары, біздің жұмысымызды жеткізуде белсенді жұмыс атқарған бұқаралық ақпарат құралдарына алғысымды білдіремін. Жаңа 2019 жылы баршамызға табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға жақсылық әкелсін», - деп сөзін түйіндеді Премьер-Министр.