Елбасы «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертіне қатысушыларды құттықтады (ФОТО)

Балаларды қорғау күніне орайластырылған фестивальге жыл бойы 8 мыңнан астам бала қатысқан болатын. Бүгін оның 300-ге жуық жеңімпазы мен лауреаттары басты концерттің сәнін келтіруде.
Гала-концертті ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау сөздерін оқып берді.
«Менің жас достарым! Сіздерге және тәуелсіз Қазақстанның барлық балаларына шынайы көңіл мен ыстық ықыласымды білдіремін. Балалар - еліміздің басты байлығы. Сіздердің болашақтарыңыз қандай болатыны біздерге - үлкендерге байланысты. Біз сіздердің денсаулықтарыңыздың мықты болғанын, жақсы білім алып, үш тілді білгендеріңізді, аға буынға қамқор, еліміздің нағыз патриоты болып өскендеріңізді қалаймыз», - делінген Елбасы құттықтауында.
Мемлекет басшысы «бүгінде Қазақстан алдына зор мақсат - әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосылу міндеті тұрғандығын» еске салды.
«Әркім өз арманына жеткізе алатын қоғам құрып жатырмыз. Ол үшін нақты іс-қимылға арналған бағдарламаларымыз бар. Оларда жас ұрпаққа қамқорлық жасауға айрықша көңіл бөлінген. Біз әрдайым сіздердің жан-жақты жетілулеріңіз, білім мен тәлім-тәрбие алуларыңыз үшін жағдай жасауға тырыстық. Талантты жас қазақстандықтар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы қабылданды. Біздің республикамызда да халықаралық деңгейдегі мектептер мен университеттер ашылды. Мемлекетіміз жетім балаларды жебеу үшін көп жұмыс атқаруда. Таяудағы үш жылда біз олардың жетімдік көрмеуіне қол жеткізуді көздеп отырмыз», - делінген Н.Назарбаевтың құттықтауында.
Бүгінгі шараға облыстық тур жеңімпаздары, республикалық «Жұлдызай» балалардың шығармашылық фестивалінің талантты балаларымен қатар, концертте 5 маусым күні өткелі отырған «МУЗ ТВ: Гравитация» сыйлығының өкілдері: премия номинанты Қайрат Нұртас, Диана Гурцкая (Ресей), сондай-ақ «open air» концерттік бағдарламасының қатысушылары: Серік Ибрагимов пен «Асыл» тобы қатысуда.