Елбасы жұмыс сапарымен Маңғыстау өңірінде болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды. Елбасы өзара тиімді ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланып, бауырлас екі ел арасындағы барыс-келіс, алыс-берістің ұлғая түсуіне жол ашатын уағдаластықтар жасалған, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында стратегиялық маңызға ие бірлескен мәлімдеме қабылданған Каспий жағалауындағы ежелгі көршіміз Әзербайжан Республикасына ресми сапарынан кейін мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, облыс жұртшылығымен жүздесті.
Жер қойнауы қазынаға толы Маңғыстау облысы - еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Түбектің байлығын ел игілігіне асыру жолындағы ерен еңбек бүгінде табиғаты қатал өлкенің ажарын ашып, тың серпінмен дамуына, оң өзгерістердің орнығуына, елдің әл-ауқатының артып, тұрмыс-тіршіліктің жақсара түсуіне жол ашты. Қалалар мен ауыл-аймақтың бет-бейнесі өзгерді, сән-салтанаты артты. Оқу-білім, еңбекпен қатар бұқаралық спорт қанат жайды. Осы жерде былтыр облыста 14 жаңа спорттық нысан пайдалануға берілгендігін, алдағы уақытта тағы да 5 нысан құрылысы басталатындығын айта кеткен жөн. Мұның бәрі өңірде өндірілетін мұнайды халық игілігіне айналдыру жолындағы мақсатты істің нәтижесі екені анық.
Қазыналы өңірге жұмыс сапары барысында Елбасы атбасын алдымен Ақтау қаласындағы «Маңғыстау-Арена» спорт сарайына тіреді.
Мемлекет басшысына көпбейінді спорт кешенінің әлеуеті туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Байжанов баяндап берді. Алып кешенді аралап, көрген Елбасы облыс жастарымен және спортшыларымен кездесті.
Олардың арасында қысқа қашықтыққа жүгіруден КСРО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, рекордшы Ә.Тұяқов, бокстан әлем чемпионаттары және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ә.Ниязымбетов, сондай-ақ танымал спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлері бар.
Спортшылар жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.
Маңғыстаулықтардың көзайым қуанышына айналған, 2,5 га жерге орналасқан алып спорт кешені демеушілердің қаражатына салынған. Онда футбол, баскетбол, волейболмен шұғылдануға, сондай-ақ жекпе-жек сайысымен және жеңіл атлетикамен айналысуға арналған залдар бар.
Өңірдің дамуында ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор. Құрылған кезеңнен бергі уақыт ішінде арнайы аймақ аумағында 236 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 84 млрд теңге инвестиция тартылған, бюджетке салық ретінде 20,8 млрд теңге түсіп, 1023 тұрақты жұмыс орны ашылған. Мұнда тіркелген 30 жобаның бүгінде 15-і жүзеге асырылды. Биыл 11 жоба жүзеге асырылуда, тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған.
Мемлекет басшысы осы сапары барысында арнайы экономикалық аймақтағы әлеуетті жобалардың бірі - жуырда іске қосылған «Азерсун» өндіріс және логистика орталығында болып, жұмысшылармен кездесті.
4,2 га жерді алып жатқан орталықтың жұмысымен танысып, өндірістік тауарлар, жеміс-жидек пен көкөніс сақталатын қоймаларды аралап көрді. Жері негізінен шөлді және шөлейтті болып келетін Маңғыстау өңірі үшін көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрін сырттан, әсіресе, теңіз жолдары арқылы Әзербайжан елінен тасымалдауға «Азерсунның» көмегі зор болмақ. Молынан әкелінген көкөністер арнайы қоймаларда сақталып, сауда орындарына жеткізіліп отырылады.
«Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет», - дей келіп, Елбасы орталық қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.
Мемлекет басшысы бұдан кейін осы арнайы экономикалық аймақта орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында болып, Каспий теңізіндегі көлік инфрақұрылымының дамуымен танысты. Каспийдегі көлік-логистика саласының дамуы мен бағытттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаев баяндап берді. 2020 жылға қарай барлық порттың, соның ішінде Ақтау солтүстік теңіз терминалының қуаттылығын айтарлықтай арттыру жоспарланып отырғаны айтылды. Сондай-ақ «Жібек жолы» жүк тиеу кешенінің жұмысы туралы баяндалды.