Елбасыға Астанадағы жаңа мешіттің және қаланың сырт аймағының сәулеттік жобалары ұсынылмақ

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанада өтіп жатқан Түркі әлемі сәулетшілері мен қала құрылысшыларының ІІІ-ші құрылтайы аясында Астанадағы жаңа мешіттің және қаланың сырт аймағының сәулеттік жобалары ұсынылмақ. Бұл туралы бүгін құрылтай барысында «АстанаБасЖоспар» МҚК бас сәулетшісі Сәрсембек Жүнісов мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Құрылтайдың түстен кейін өтетін жалпы отырысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев және Түркия Президенті Абдолла Гүл қатысады деп күтілуде. Қазақстан және Түркия президенттерінің назарына Түркия сәулетшілері мен Қазақстан мамандарының жобалауымен жасалған 5 мыңға арналған мешіт пен қаланың сыртқы аймағының болашақ құрылысының макеттері ұсынылмақ.

Еске сала кетейік, Астана қаласында салынуы тиіс аталмыш нысандардың жобалауына байланысты сәулетшілер арасында халықаралық байқау өткен болатын. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің және Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өткен ҚР Президенті жанындағы Сәулеттік кеңесінің отырысында ұсынылған 57 жұмыстың ішінен 2-3 ең үздік дегені іріктеліп, Елбасының назарына ұсыну көзделген еді.

Сонымен қатар, бүгін әлемнің 30 елінен жиналған сәулетшілердің құрылтайында 100-ден астам инженерлік және ғылыми тұрғыда бекітілген жобалардың көрмесі ашылды. Мамырдың 27-сіне дейін өтетін осынау форумда ТМД елдерінің ұлттық сәулетшілер одақтары ұйымының ғалымдары іріктелген жұмыстарды және Астана құрылысының негізгі шешімдеріне қатысты талқылаулар өткізеді.

Халықаралық деңгейде өткізілетін Түркі әлемі сәулетшілері мен қала құрылысшыларының құрылтайы биыл алғаш рет Астанада өткізілуде. Бұл шешімді 2008 жылы Анкарада Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы және Қазақстан мен Түркия елдерінің сәулетшілер мен қала құрылысшыларының одағы қабылдаған болатын. Бұның алдында форум екі мәрте Түркияда болған. Құрылтайдың ұйымдастырушылары келесі кезекті құрылтайды Татарстанда өткізуге ниетті.

Соңғы жаңалықтар