Елбасымен кездесу: Омарташы «балдың баррелі» әңгімесімен жұртты ду күлдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасымен өткен кездесуде ақмолалық омарташы Анатолий Добровольский «балдың баррелі» туралы әңгімемен жұртты ду күлдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елбасымен кездесу: Омарташы «балдың баррелі» әңгімесімен жұртты ду күлдірді

Кездесуде 33 жастағы Анатолий Добровольский Мемлекет басшысына омарта шаруашылығымен айналысудың денсаулыққа пайдасы туралы айтып берді.

«Мен өзімді денім сау және бақытты санаймын. Сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Сондықтан, бақыттымын. Күн сайын бал жегендіктен - денім сау. Балды тұтынудың тәртібі өте қарапайым. Күніне екі қасық бал жейсіз. Яғни біреуін - таңертең, екіншісін - ұйықтар алдында. Әлемде біздің еліміз сияқты омарта шаруашылығымен айналысуға бірегей табиғаты бар небәрі бес-алты ел бар», - деді кәсіпкер.

Анатолий Добровольский омарта шаруашылығын дамытудың маңызына тоқталды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, мен былайша есептеп көрдім. Мұнайдың баррелі 60 доллар тұрады. Ал балдың баррелі - 700 доллар. Омарта шаруашылығы нарығында дағдарыс деген болмайды. Мүмкін Қазақстанда мұнаймен қатар, балға да басымдық берерміз», - деген Добровольский әзіл-шынды әңгімесімен жұртты күлкіге қарық қылды.

Сөз соңында кәсіпкер алдағы жоспарымен бөлісті.

«Алдағы жылы Ақмола облысында 400 гектар аумақта бал өндірісі бойынша конвейерді іске қосамын. Алайда менің жеке жоспарларым да бар. Сізді балмен шай ішуге шақырамын», - деді ол.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысы омарташылықтың маңызды екенін айта келе, араның табиғатқа зор пайдасын тигізетінін атап өтті.

«Жарайсың! Сенің қаланы тастап кетіп, табиғатқа тартып кеткенің - үлкен іс», - деді Елбасы.

Еске салайық, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңіске жеткен 102 тұлғамен кездесу өткізд і. Мемлекет басшысының жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталған жеңімпаздармен кездесуі елордадағы ең көрікті мейрамханалардың бірінде өтті. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.