Елбасымыз бастаған еліміздің алар асуы мол – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Қ.Бозымов
Л. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетістіктерінің бәріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен қол жеткені барша жұртқа, бүкіл әлемге аян. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбай Бозымов өз ой-толғамын былайша білдірді.
Оның пайымдауынша, Нұрсұлтан Әбішұлы көптен бері адами капитал жөнінде айтып келеді. Біздіңше, еліміздің бүкіл қазақстандықтардың бағына біткен ең басты адами капитал - Елбасымыздың өзі, оның саяси-ұйымдастырушылық қабілеті, мол тәжірибесі, көрегендігі, қажымас жігері, іскерлігі, табандылығы мен тапқырлығы, шет елдердің кәнігі қайраткерлері мен саясаткерлерін мойындатқан халықаралық беделі. Мұндай капиталдың бүгін-ертең жинала қоймасы анық.
Ел халқы Нұрсұлтан Әбішұлын қолдайды, оның қолға алған істерін, барлық прогрессивтік бастамаларын өзі жалғастырып, аяқтағанын қалайды. Өйткені елімізде атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Сол себепті қазақстандықтар Отанымызды бүкіл әлемге танытқан, танытып қана қоймай, мойындатқан өз көшбасшысын орынды мақтан тұтады. Халық еліміздегі ынтымақ пен қалыпты даму факторын Елбасының дана басшылығымен байланыстырады. Қазақстандық қоғамда мығым орнаған ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықтың арқасында өткен жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста Нұрсұлтан Әбішұлының өзі атап көрсеткеніндей, «ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық».
Қ.Бозымовтың пікірінше, Нұрсұлтан Әбішұлы бір елдің, өз халқының ғана қорғаушысы, жоқтаушысы болып қойған жоқ. Аз уақыттың ішінде ол сөзі дуалы, ісі өнегелі бүкіл әлемдік ауқымдағы халықаралық саяси қайраткерге айналды. Қазақта «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген даналық сөз бар. Бұған ұлы француз жазушысы Ромен Ролланның: «Нағыз ұлылар - жүрегі барша жұрт үшін соғатындар» деген пікірін қосуға әбден болады.. Нұрсұлтан Әбішұлы тап сондай ұлылар санатынан.
Көріпкел сарапшылар, саясаткерлер санатынан біздің Елбасымызды Мұстафа Кемалмен (Ататүрік), Махатма Гандимен, Джавахарлал Нерумен, Сингапурдың экономикасын дүние жүзінде бірінші орынға шығарған Ли Куан Юмен, Дэн Сяо Пинмен салыстырып жүр. Түркия жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаевқа астанасында ескерткіш орнатып, көшеге атын беріп, «түркі әлемінің көшбасшысы» деп атады. Мұның бәрі тектен тек емес. Қырғызстан да, Ауғанстан да, Грузия да, қаласаңыз, алпауыт ел Ресей де Нұрсұлтан Назарбаевқа үміт артады.
«Біздер, Өскемендегі республикалық бастамашы топтың жиынына қатысқандар «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ-ның басшысы Сауытбек Абдрахманов келтірген еліміздің абзал ағасы Байкен Әшімовтің Елбасының еңбегі туралы айтқан мына сөзін тебірене тыңдадық: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің арқасында, ел бастаған еріміз деп бүкіл халық болып сенгеннің арқасында, азаматымыз алға апарады деп соңынан ергеннің арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жатыр. Ана талапты сақтаймыз, мына жердің көңілінен шығамыз деп жүріп, саяси тартыстарды қолдан ұйымдастырып, көш қарқынын қолдан кідіртетін... халықты текке ырың-жырың ететін, жасампаздық істен алаңдататын қадамдардың ешқайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін біз қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасауымыз керек. Тоқсаннан жасы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек жұрттың тыныштығы, жердің бүгіндігі, елдің мерейі керек. Соның бәріне халқымызды жұмылдыратын, алыс асқарларға ұмтылдыратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен біздің алар асуларымыз әлі алда. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Ендеше, азаматтың тілеуін тілейік». Абыз ағаның аманатқа пара-пар осы сөзіне біз толық қосыламыз» дейді Қ.Бозымов.
Қазақстанның тұңғыш Президенті еліміздің алдында тұрған асулардың көптігін «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында да атап көрсетті. Әсіресе, аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту бағытында бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылғалы отыр. 2016 жылы ет экспорты 60 мың тоннаға жетпек. «Мұның біздің университетке тікелей қатысы бар. Өйткені университет ғалымдары асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелерімен көптен айналысып келеді. Өңірде қазақтың ақбас сиыры, Еділбай қойы, Көшім жылқысы, түйенің бактриан түрі сынды асыл тұқымды мал өсірілуде. Оқу орнының өзінің де асыл тұқымды мал шаруашылығы, ғылыми-зерттеу институты бар. Асыл тұқымды мал басын көбейтпейінше, шаруашылығын ғылыми негізде жолға қоймайынша, Елбасы артқан міндетті жүзеге асыру қиын. Қазақстанның көрші Ресейге, басқа да елдерге ет өнімін шығаруға мүмкіндігі мол. Тек көзі мен жолын таба білу керек. Сондықтан бұл ретте университет ұжымы да Президент қойған биік талаптарға сәйкес еңбектенетін болады», - деп түйіндеді ойын ректор.