Елбасымыздың бұл сайлауда жеңіске жететініне біз, жастар кәміл сендік - Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 3 сәуірде өткен кезектен тыс сайлаудағы жеңісімен құттықтаушылар саны толастар емес. Осындай құттықтаулардың бірін Талдықорған қаласы физика математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әйгерім Аңсағанова да жолдапты.
«Ел тізгінін 20 жылдан астам ұстаған, өзінің атқарған ерен еңбегімен Қазақстанды басқа мемлекеттермен иық теңестіре алатын деңгейге жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы сайлауға үміткерлердің бірі болды. Мемлекетіміздің әрбір азаматы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Бұл - біздің саяси дәрежеде санамыздың өскенінің кепілі деуге болады. Елбасымыздың бұл сайлауда оза шапқан жүйрік аттай жеңіске жететініне біз, жастар кәміл сендік. Мұзда жанған алаудан кейін көк байрағымыздың көкте желбіреуіне, тәуелсіздігімізді әлемнің барша еліне паш етуге, жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерін киелі қара шаңыраққа біріктіріп, тату, өркениетті елге айналдыруға еліміздің тұңғыш Президенті бар қажыр-қайратын жұмсағаны баршамызға аян. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бірлігі мен ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің 20 жыл ішіндегі жағдайы кімді болса да қуантары хақ. Елбасымыз «Ел болашағы - жастарда» деген сеніммен білім саласына өте ерекше көңіл бөлді. Соның бір айшықты дәлелі - жоғары ақпараттық технологиялармен жабдықталған, жастардың әлемдік деңгейде білім алуына мүмкіндік беретін, еліміздің зиялы әлеуетін қалыптастыруға үлес қосатын Зияткерлік мектептерінің ашылуы. Мен алға қойған мақсаты айқын, болашағы жарқын осындай мектептің оқушысы болғанымды мақтан етемін»,-дейді Ә.Аңсағанова.