«Елбасын ұлықтау шарасы қасиетті жұма күні өтеді» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Сарабдал саясатының арқасында саяси дода айқын жеңіске жеткен Елбасы Нұрсұлтан Неазарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарынан сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтауларлар легі толастар емес. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоныцң құттықтауы «Бұл таңдау Қазақстан халқының Сізге және Сіздің саясатыңызға деген орасан сенімінің айғағы» деген тақырыппен берілген. «Біз Қазақстан тарабының ЕҚЫҰ-ға қолдауын жоғары бағалаймыз. Оған Сіздің елдің өткен жылы ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретіндегі өте табысты лидерлігі дәлел болып табылады. Қазақстан біздің Ұйымның өміріне жаңаша дем және оның жұмысына тың серпін берді. Мен Қазақстан алда да ЕҚЫҰ-да белсенді рөл атқаратынына сенімдімін», - деп ақ тілегін ақтарған ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы.
«Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Литва Республикасының Сыртқы істер министрі - ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Аудронюс Ажубалиспен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, А.Ажубалис сұхбаттасын президенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады. Ол Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының жемісті болуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Құттықтауды қабыл алған Қ.Саудабаев «сайлаудың ашық және транспарентті ауанда өтуі Қазақстан демократиясының даму жолындағы маңызды қадамды байқатқаны» деп мәлімдеді.
***
Орталық сайлау комиссиясының кешегі мәжілісінде ҚР Президентін қайта тіркеу және Мемлекет басшысын ұлықтау салтанатын өткізу мәселелері талқыланды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Елбасын ұлықтау шарасы қасиетті жұма күні өтеді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Жиын барысында Н.Назарбаевты ҚР Президенті етіп тіркеу, сондай-ақ оған ҚР Президентінің жаңа куәлігі мен омырау белгісін табыс ету туралы қаулы қабылданды. Басқосу барысында Елбасын ұлықтаудың нақты күні белгіленгенін жеткізген ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов: «2011 жылдың 3 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ант беру күні - 2011 жылдың 8 сәуірі болып айқындалсын!», - деді.
2050 жылға қарай жер тұрғындарының саны 9,2 миллиардқа жететін көрінеді. Ал БҰҰ-ның есебінше, 2150 жылы жоқ дегенде бұл сан 12 миллиардқа жуықтайды. Ғалымдар: «Жер - Ана мұнша адамды асырай алмайды» деп әлден дабыл қағуда. Сондықтан «2050 жылға қарай 4 миллиардтан астам «жатып ішер арамтамақ» сұрапыл соғыс пен қолдан таратылатын неше бәлекет жұқпалы аурулардан, жедел ажал құштыратын қауіпті кеселдерден, қолдан жасалатын ашаршылықтан жойылып бітуі шарт. Сайып келгенде жер бетінде бір миллиардтай адам ғана өмір сүруге құқылы. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Жарты ғасырдан кейін: Жер адамзатты асырай ала ма?» деген мақалаға назар салыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Newsweek журналының Орталық Азия бойынша сарапшысы Эседулла Огузбен арадағы сұхбат «Қалай айтсақ та, Қазақстан - Орта Азияның лидері» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық саулдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстанға ең алғаш қадам басқан 90-жылдардың басында мен қазақтар туралы жақсы ойда болмадым. Орыстанған, ұлтсызданып кеткен болар деп ойладым. Немістер сияқты қонақжайлылықтан қалған, түрлері суық болар деген болжам жасадым. Бірақ та келіп, араласқаннан кейін қазақтардың ақжарқын, дәстүршіл, мәдениетті екендігіне көзім жетті. Қазір мен Қазақстанды шетел деп қабылдамаймын. Өзімнің отаным сияқты», - деп атап көрсеткен.
Кеше Астанада Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тау-кен кешенін дамыту стратегиясы мен келешегін талқылау мақсатында «МАЙНЕКС Орталық Азия 2011» тау-кен өндірісі форумы өтті. Алқалы жиын арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде «Тау-кен саласының туар күні әлі алда» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, еліміз 2014 жылға қарай 70 тоннадан астам алтын өндірмек. «Алғашқы бес жылдықтағы біздің мақсат - алтын өндіру көлемін 70 тоннадан асыру», - депті Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.
***
«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, әңгімелесу барысында Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады. өз кезегінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Әзірбайжан Президентіне құттықтауы мен шын ниетті тілегі үшін алғысын айтты.