Елбасына қазақстандықтардан Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында басым дауысқа ие болған «Нұр Отан» ХДП жеңісімен құттықтаған хаттар легі толассыз ағылуда

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының атына қазақстандықтардан елімізде өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында сайлаушылардың басым дауысына ие болған «Нұр Отан» ХДП жеңісімен құттықтаған хаттар легі толассыз ағылуда.

Елбасына қазақстандықтардан Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында басым дауысқа ие болған «Нұр Отан» ХДП жеңісімен құттықтаған хаттар легі толассыз ағылуда

Атап айтқанда,Қазақстанның Еңбек Ері, «Тайынша Астық» ЖШС бас директоры Руслан Молдабеков өз хатында: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді кешегі сайлауда «Нұр Отан» ХДП-ның басымдықпен жеңуімен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті де жеңісті бола берсін», деп жүрекжарды тілегін білдіреді. Ал Орал қаласының тұрғыны Ботагөз Давлетова жанұясы атынан хат жолдап, «Сіздің тапсырмаңызбен салынған «Ұлттық ғылыми Кардиохиругия орталығы» жүрек қан-тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға үлкен сый деп білемін. 2011 жылдың соңында отағасы, зейнеткер Ерсайын Аймағамбетұлына осы орталықта өте күрделі операция жасалды. Осындай күрделі операциялар бұрын шетелде жасалса, қазір өз елімізде, Астанада жасалатынына қуаныштымыз», деп жазады. Мұнайлы ауданының тұрғыны Сайын Қалмағанбетов хатында аудан тұрғындары өткен Парламенттік сайлауда бірауыздан «Нұр Отан» партиясына дауыс бергенін атап өтіп, өз пікірін: «Сол таңдауымыз арқылы біз тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы мен тұрақты дамуы үшін дауыс бердік» деп түйіндейді.

 Қазақстан Президентінің атына жазған хатында Мәскеу қаласының тұрғыны Зинаида Алексеева балалық шағы Алматыда өткенін сағынышпен еске алады. Алматыда біліп алып, жұмыс істеп, қазақ халқының жомарттығы арқасында қиындықты жеңіп шыққанына тоқталады. Хат иесі одан әрі «Қазір Мәскеуде тұрамын. Ұл мен қыз өсіріп отырмын. Екінші Отанымды әрдайым еске алып отырамын. Мен Сіздің табыстарыңызды мақтан тұтамын. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқы өз Отанында жақсы өмір сүруде. Бұл мені қуантады», - дей келіп, Елбасына зор денсаулық, толайым табыс тілеген.