Елбасына өз қолымнан шыққан аяқ киімді сыйлағым келеді - қостанайлық етікші
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Амангелді ауданында тұратын жас кәсіпкер Саят Қуанышев Елбасы Жолдауын қалай қабылдағаны, сондай-ақ, туған жеріндегі шағын және орта бизнестің дамуы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Саят Қуанышев - аяқ киім жөндеуші. Ол «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Амангелді ауданында жеке кәсібін ашты.
Оның айтуынша, биылғы Жолдауда шағын және орта бизнеске айтарлықтай басымдық берілген.
«Президент отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесу керектігін айтты. Расында да, ішкі нарық өз өнімдерімізбен толтырылса, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену үдесінен шығамыз. Мен Елбасының отандық костюмдерді киетінін бұрыннан білетінмін. Алдағы уақытта шағын кәсібімді дөңгелентіп, нарыққа шығару жоспарда бар», - дейді Саят Қуанышев.
Жас кәсіпкер етік жөндеумен 9-сыныптан бастап айналысады. Қазір ол аудан орталығындағы «Нұрай» тұрмыс үйінде жұмысын жүргізеді. Аты аталған тұрмыс үйі Амангелді ауданының 90 жылдығы қарсаңында ашылды. Жоба құны - 8,5 млн. теңге.
«Бастапқыда аяқ киімдерді үйде жөндеп келдім. Тапсырыс аз болды. Қазір тұрмыс үйінен бір бөлме алдым. Тұрғындар бұрынғыдай етікшілерді әр жерден іздемейді. Бізге барынша жақсы жағдайлар жасалған. Отандық өнімдерді шығаратын уақыт жетті. Қаржы болса, бар жұмыстан қашпаған жөн», - дейді етікші.
Саят Қуанышев осы жұмысымен тоқтап қалғысы жоқ. Жақында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысты. Жұмысын сәтті қорғаса, грант ұтып алуға мүмкіндігі зор.
«Елбасы осы Жолдауында отандық өнімдерге деген сұранысты арттыруды тапсырды. Шынында да шағын және орта бизнес - ел экономикасының негізгі тірегі. Біздің Аманкелді ауданында да шағын бизнеске жол ашық. Жолдауда бизнеске қатысты өте жақсы ұсыныстар айтылды. Оның барлығы қабылданып, жүзеге асады деп сенеміз. Мен «Бастау-Бизнес» бағдарламасының грантын ұтып алсам, қажетті құрылғылар сатып алуға ниеттімін. Тігін машинасы, станоктар қажет. Мәселен, қазіргі уақытта бір аяқ киімді айналдырып тігіп шығу үшін 1,5 сағат уақыт керек», - деді ол.
Саяттың сөзінше, етікші - екінің бірі қолы бара бермейтін кәсіп түрі. Етік тігу шеберлік пен аса ыждаһаттылықты қажет етеді. Сондай-ақ, ол өзінің армандарымен бөлісті.
«Таңнан қас қарайғанға дейін біз бен жіпті жанына серік қылатын етікшілердікі нағыз еңбек. Жасыратыны жоқ, қазіргідей заманда етікшілік кәсібіне менсінбеушілікпен қарайтындар бар. Екі қолға бір күрек таба алмай отырып, етікші болудан арланатындарға қайран қаламын. Білгенге, бұл - нағыз табыстың көзі. Бастысы адал еңбекпен пайда табу маңызды. Болашақта Елбасына өз қолымнан шыққан аяқ киімді сыйлағым келеді», - дейді Саят Қуанышев.
Еске салайық, Президент биылғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөліп беруді тапсырды.
https://kaz.inform.kz/news/nursultan-nazarbaev-sheteldin-kiimderin-satyp-aludy-dogaru-kazhet_a3411304
Ал Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлетін болады. Ол ақша отандық өнімдерді шығару жобаларына жұмсалады.