Елбасына жұртшылық тарапынан 2 мыңнан астам сауал түсті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандықтарды жиі мазалайтын сауалдардың бірінші кезегінде еліміздегі тұрғын-үй және коммуналдық-шаруашылық мәселелері тұр. Астана мен Алматы қалаларындағы үлескерлер проблемасы, жас отбасыларға баспана беру және мемлекеттік бағдарламаның орындалу жайы бойынша сұрақтар көптеп түсуде. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласында жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандардың жұмыссыздық проблемасы, зейнетақы мөлшерін белгілеу кезінде жіберілген келеңсіздіктер мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын уақытында көбейту мәселесі де жиі көтерілуде. Осыдан кейін құқық қорғау органдары тарапынан азаматтарды заңсыз қудалау, судьялардың келеңсіз әрекеттері және кеденшілердің заң бұзушылықтары туралы ашық айтылады.
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 13-і күні ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы» мен «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телебайланыс, телефон интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Сауалдарды 555-777 телефон нөміріне және KCell, Beeline, Neo ұялы байланысын пайдаланушылар үшін 1111 нөміріне СМС хабарламаларын жолдауға болады. Сондай-ақ көкейдегі сұрақтарды vopros@akorda.kz электрондық мекенжайына жібере аласыз.
«Тікелей желі» барысында Елбасының назарына ілікпей қалған сұрақтарға бір айдың ішінде тиісті мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті.